Атырау облысында жол апатынан 37 жастағы жолаушы көз жұмды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында тағы бір жол-көлік оқиғасы тіркелді. Жо апатының салдарынан 37 жастағы жолаушы мерт болды.

Атырау облыстық полиция департаменті баспасөз қызметінің ақпаратына қарағанда, жол-көлік оқиғасы кеше, 28 қаңтарда болған.
– Күндізгі сағат 11:40 шамасында Индер-Қарабау бағытындағы тас жолдың 9-шақырымы тұсында екі көлік – Lexus пен Toyota соқтығысты. Жол апаты Lexus автокөлігі жүргізушісінің жолдың қарсы бағытына шыққанынан болған. Жол-көлік оқиғасының салдарынан Lexus автокөлігінде отырған 37 жастағы жолаушы оқиға орнында қаза тапты, -деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Ал 1 адам түрлі дене жарақатын алған. Зардап шеккен 38 жастағы жолаушы ауруханаға жеткізілді.
Полиция қызметкерлері аталған жол-көлік оқиғасына байланысты тиісті іс құжаттарын жинақтады.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында жол апатынан 2 көліктің жүргізшісі мен 1 жолаушы мерт болғанын хабарлаған едік.
Кейін мопед айдаған 16 жасар атыраулық жол апатынан соң ауруханаға жеткізілген болатын.