Атырау облысында жол апатынан 2 көліктің жүргізшісі мен 1 жолаушы мерт болды
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында 2 жеңіл көлік соқтығысты. Жол апатының салдарынан 2 көліктің жүргізшісі мен 1 жолаушы оқиға орнында көз жұмды.

Атырау облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі растаған ақпаратқа қарағанда, жол-өклік оқиғасы бүгін, 27 қаңтарда болған.
– Күндізгі сағат 10:35 шамасында Ақтөбе-Атырау-Астрахань тасжолының 474-шақырымында Ravon және Lada Priora автокөліктері соқтығысты. Жол-көлік оқиғасының салдарынан 2 жеңіл көліктің жүргізушілері мен Lada Priora автокөлігіндегі жолаушысы оқиға орнында қайтыс болды.
Ал 1 жолаушы Мақат аудандық орталық ауруханаға жеткізілді, - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметі.
Қазір жол-көлік оқиғасына байланысты тиісті іс құжаттары жинақталып жатыр. Жол апатынан салдарынан Ravon көлігі өртеніп кеткен.
Ал Lada Priora көлігінің жүргізушісімен бірге анасы мерт болған.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда жол апатынан 16 жасар жасөспірім мерт болып, 2 адам ауруханаға жеткізілгенін жазған болатынбыз.