Атырауда теңіз маңындағы қамыс өрті 34 гектарға жайылды

АТЫРАУ.KAZINFORM — Атырау қаласы маңындағы батпақты аумақта тұтанған қамыс өртінің түтіні шаһарды басты. Қазіргі уақытта Каспий теңізі бағытына қарай орналасқан аумақтағы өрт 34 гектарды шарпыған. Оның 22 гектарында жану тоқтатылса, қалған бөлігіндегі өртті сөндіру жұмысы жалғасып жатыр.

Атырауда теңіз маңындағы қамыс өрті 34 гектарға жайылды
Фото: Атырау облысы әкімдігі

Өрт Атырау қаласы Еркінқала ауылдық округінен Каспий теңізі бағытына қарай 40 шақырым қашықтықтағы батпақты аумақта тіркелген.

Атырау облыстық ТЖД мәліметінше, 20:00–дегі жағдай бойынша жану аумағы 34 гектар. Оның 18 гектарындағы қызыл жалынды құтқарушылар сөндірсе, 4 гектар аумақтағы өрт өздігінен тоқтаған.

— Өрт сөндірушілер жануды жою бағытында жұмыс істеп жатыр. Оқиға орнында Атырау облысы ТЖД мен «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватының 65 қызметкері және 15 техникасы жұмылдырылған, — делінген ТЖД хабарламасында.

Қазіргі уақытта қамыс өртінің түтіні Атырау аспанын тұмшалады.

Осы жағдай бойынша өңір басшысы Серік Шәпкеновтің жиналыс өткізді. Әкімдік ақпаратынша, өрт «Ақжайық» мемлекеттік табиғи резерватынан тыс аумақта тұтанған.

— Аймақ басшысы өртті сөндіру жұмыстарын тәулік бойы жүргізуді қамтамасыз етуді, Исатай және Махамбет аудандарының қосымша күштері мен құралдарын жұмылдыруды, «Ақжайық» резерватының күшін тартуды және төтенше жағдаймен күреске жұмылған қызметтердің іс-қимылын үйлестіруді жүктеді. Сондай-ақ оқиға орнында жедел штаб жұмысын ұйымдастыруға тапсырма берілді, — деп хабарлады облыс әкімдігінің баспасөз қызметі.

Бұған дейін Шығыс Қазақстанда орманға жайылған ірі өрт сөндірілгенін жазған едік.