Шығыс Қазақстанда орманға жайылған ірі өрт сөндірілді

ӨСКЕМЕН. KAZINFORM - Шығыс Қазақстан облысының Күршім ауданындағы Абай ауылдық округі аумағында шыққан табиғи өрт толықтай сөндірілді. Жалын ішінара Күршім орман шаруашылығы аумағына таралған болатын.

в
Фото: ҚР ТЖМ

Жету қиын орманды аймақтағы өртті сөндіруге Төтенше жағдайлар министрлігінің бөлімшелері, Экология және табиғи ресурстар министрлігінің күштері, орман шаруашылығы қызметкерлері мен жергілікті атқарушы органдар жұмылдырылған.

- «Қазавиаорманқорғау» десантын өрт ошағына жеткізу үшін ТЖМ тікұшақтары және Шығыс Қазақстан облысы әкімдігінің авиациясы тартылды. Жерүсті техникасы бара алмайтын аумақтарда әуеден сөндіру жұмыстарын ТЖМ-нің «Қазавиақұтқару» акционерлік қоғамының су төгетін құрылғымен жабдықталған тікұшағы жүргізді. Барлығы 41 мәрте су төгілді. Жалпы төгілген су көлемі 123 тоннаны құрады, - деп хабарлады ШҚО ТЖД баспасөз қызметінен.

Сонымен қатар мамандар желдің бағыты мен өрттің таралуын үздіксіз бақылап отырды.

- Барлық жұмылдырылған қызметтердің үйлесімді жұмысының арқасында өрттің одан әрі таралуына жол берілмеді. Елді мекендерге қауіп жоқ, - делінген хабарламада.

Қазіргі уақытта тілсіз жау толықтай сөндірілді. Өрттің жалпы аумағы орман қоры бойынша 45 гектарды, ал ашық аумақта 1155 гектарды құрады.

Еске салсақ, осыған дейін ШҚО-дағы өртті сөндіруге тікұшақ тартылғаны хабарланған.