Атырауда заңсыз қоқыс үйінділері үшін 7 әкім жауапқа тартылды

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысының Жылыой ауданында прокуратураның тексеруі барысында елді мекендер аумағынан 62 заңсыз қоқыс үйіндісі анықталды. 

в
Фото: Астана әкімдігі

Заңбұзушылықтарды жою бойынша қабылданған шаралардың нәтижесінде Құлсары қаласы мен бірнеше ауылдық округтің әкімдері әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Жылыой ауданының прокуратурасы қоршаған ортаны қорғау саласындағы заңнаманың сақталуына жүргізілген талдау кезінде аудан аумағында заңсыз қалдықтар орналастыру фактілерін анықтады. Көзбен шолып тексеру нәтижесінде Құлсары қаласы, Жаңа Қаратон кенті, сондай-ақ Қосшағыл, Жем, Ақкиізтоғай, Қараарна және Майкөмген ауылдық округтерінде орналасқан 51 учаскеден 62 заңсыз қоқыс жиналған орын табылған.

Прокурорлық қадағалау актісі негізінде анықталған заңбұзушылықтарды жою шаралары қабылданды.

— Нәтижесінде Құлсары қаласының әкімі, Жаңа Қаратон кентінің әкімі және 5 ауылдық округтің әкімдері әкімшілік жауаптылыққа тартылды. Өндіріліп алынған айыппұлдардың жалпы сомасы 227 мың теңгені құрады, — делінген прокуратура хабарламасында.

Бұдан бөлек, жыл басынан бері елді мекендерді абаттандыру қағидаларын бұзғаны үшін ауданның 495 тұрғыны әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Бұған дейін Атырауда 86 мемлекеттік орган басшысы әкімшілік жауапқа тартылғанын жазған едік.