Атырауда зейнетақы қаражатын заңсыз айналдыру дерегіне қатысты ауқымды операция басталды
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда Қаржылық мониторинг агенттігінің (ҚМА) қызметкерлері зейнетақы жинақтарын стоматологиялық клиникалар арқылы заңсыз қолма-қол ақшаға айналдыру дерегіне байланысты ауқымды операция жүргізіп жатыр.

Редакцияға белгілі болғандай, қалаға еліміздің әртүрлі өңірінен ҚМА қызметкерлері барған. Олар бірнеше нысанда тінту жүргізіп, қолма-қол ақша, автокөліктер мен құжаттарды тәркіледі.
Kazinform агенттігінің құқық қорғау органдарындағы дереккөздерінің мәліметінше, ұсталғандар арасында стоматологиялық клиникалардың басшылары ғана емес, кеңсе қызметкерлері, бухгалтерлер мен делдалдар да бар.
Бұған дейін 2021 мен 2025 жыл аралығында Отбасы банкінің enpf-otbasy.kz платформасы арқылы тек «Стоматологиялық қызметтер» бағыты бойынша 757 млрд теңгеге 795 424 транзакция жасалғанын жазғанбыз.
Тексеру кезінде жалған анықтамалар мен құжаттар тапсырылғаны да белгілі болды. Бұл — зейнетақы қаражатының мақсатсыз жұмсалғанын айғақтайды.
Сонымен қатар Атырауда ұрлық пен алаяқтық жиі тіркелетінін жазғанбыз.