Атырауда жалған ақпарат үшін жолаушы рейске жіберілмеді
АТЫРАУ.KAZINFORM — Атырау халықаралық әуежайында «Атырау-Шымкент» бағытындағы № 788 рейсіне тіркелу кезінде 34 жастағы Түркістан облысының тұрғыны қызметкерлердің «заңға қайшы заттар бар ма?» деген сұрағына «тапанша бар» деп жауап берген. Жолаушы рейске жіберілмеді.
Оқиға 19 мамыр күні болған. Тексеріс барысында азаматтың жалған ақпарат айтқаны белгілі болды.
— Аталған дерек бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 434 бабы 1 бөлігіне сай әкімшілік хаттама жасақталып, Атырау қаласының мамандандырылған әкімшілік сотына жолданды. Көліктегі полиция департаменті азаматтарды әуежайда жалған ақпарат бермеуге және қоғамдық қауіпсіздік талаптарын қатаң сақтауға шақырады, -делінген Атырау станциясындағы көліктегі полиция бөлімінің мәлімдемесінде.
Бұған дейін пойызда мас күйде жүретін жолаушылар көбейгені жөнінде жазған едік.