Атырауда жаңа қоқыс полигонын салу жұмысы уақытша тоқтап тұр

АТЫРАУ.KAZINFORM — 2024 жылы болған тасқынға байланысты Атырау қаласында полигон салатын аумақ су астында қалған. Арнайы аймақтағы өр суы 2025 жылдың жазында құрғаған. Бұл жаңа полигон құрылысының кешігуіне себеп болып отыр. 

мусор, қоқыс, вещи, киімдер
Фото: Мақсат Шағырбаев / Kazinform

Атырау қаласы әкімі Шәкір Кейкиннің айтуынша, полигон құрылысын биыл бастау жоспарланып отыр.

Оның құрылысына Махамбет ауданына қарасты Алмалы ауылдық округінен (Атырау қаласынан шамамен 15 шақырым жерде) 50 гектар жер телімі бөлінген. Қазіргі уақытта қала іргесіндегі қолданыстағы полигонның биіктігі 6 қабатты үймен тең. Ол 1970 жылдардан бері жұмыс істеп тұр.

— Бұл жұмысқа жауапты мердігер мекеме белгілі. Бүгінде жобаға түзетулер енгізіліп жатыр. Бұрынғы жоба бойынша полигонды жерді қазып салу керек еді. Жерасты суының көтерілуіне байланысты жобаны өзгертуге тура келіп отыр. Жаңа полигон салынатын аумақ биіктігі 6 метр болатын дамбымен қоршалады, — деді қала әкімі Шәкір Кейкин.

Жобаның алғашқы құны 6 миллиард теңгеге жуықтаған еді. Шенеуніктердің сөзінше, нақты керек қаржының сомасы жобаға өзгеріс енгізілгеннен кейін ғана белгілі болады.

Айта кетейік, 2025 жылдан бүгінгі күнге дейін Атырау қаласы мен қала аумағына қарасты елді мекендерден 166 мың текше метр қоқыс шығарылған.

Осыған дейін өткен жылы Атырауда 7 640 экологиялық құқық бұзушылық анықталғанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар