Атырауда желтоқсаннан бері жұқпалы ауру анықталған ірі қара саны 4,5 мыңнан асты

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысы Құрманғазы ауданында  4 507 ірі қарадан вирустық диарея және инфекциялық ринотрахеит жұқпалы ауруы анықталды. Бұл жөнінде облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасы мәлімдеді.

Атырауда желтоқсаннан бері жұқпалы ауру анықталған ірі қара саны 4,5 мыңнан асты
Фото: Ауыл шаруашылығы министрлігі

Ветеринарлардың сөзінше, бүгінде ауданда 3 мыңнан аса сиыр жазылған. Қалған 1 412-сі емделіп жатыр. Қазір қоралар жаппай дезинфекциялануда. Індет тараған Дыңғызыл, Бөкейхан, Еңбекші және Құрманғазы ауылдық округтерінде карантиндік шектеулер күшінде, ет сатуға уақытша тыйым салынды.

– Ауданға 89 мың доза вакцина келді. Вакцинация жұмыстары жүріп жатыр. Аталған аурудан 1 мал өлді. Алғашында бұл ауру Бөкейхан, Жыланды ауылынан шықты. Бұл елдімекендер Ресеймен шекарада орналасқан. Яғни, ауру көрші елден келді деген болжам бар, - деді аудан әкімі Абат Жанғалиев.

Жұқпалы ауру көршілес Исатай ауданы Зинеден ауылына да жеткенін жазған едік. Жалпы бұл ауылды ауруды 119 ірі қара жұқтырған. Қазір бұл елдімекенде 33 сиыр ауырып тұр. Қалған 86-сы аурудан айыққан. Бұл ауылға енгізілген карантиндік шектеу әлі алынбады.

Бір апта бұрын өңірде желтоқсаннан бері 1 500-ге жуық ірі қарадан жұқпалы ауру анықталғанын хабарладық.

Еске салайық, Атырау облысы Исатай ауданына қарасты Қамысқала ауылында 50-ден аса жылқы өліп қалғанын жазған едік. 

Кейін Атырауда мал қырылған ауданға Оралдан жем жеткізілді

Бір аптадан кейін тағы 45 тонна жем шаруаларға арзан бағада сатылған еді. 

Соңғы жаңалықтар
Референдум