Атыраудағы 3 жағажайды шомылу маусымына дайындауға 91 млн теңге бөлінді

АТЫРАУ.KAZINFORM – Өткен жылы Атыраудағы жағажайлар суға түсу маусымына дайын болмай, тұрғындар аптап ыстықта қайда барарын білмей дел-сал болған еді.

Атыраудағы жағажайлар
Фото: Нұрбибі Теміртасова

Қала билігі сенімгерлік басқаруға берілген 3 жағажай бойынша келісімді бұзған. Өйткені, уақытша иелікке алған кейбір кәсіпкерлер тарапынан тиісті инвестиция тартылып, жағажай инфрақұрылымын дамыту бойынша нақты жобалар жүзеге асырылмаған.

Атыраудағы жағажайлар
Фото: Нұрбибі Теміртасова

Атырау қаласы әкімдігінің мәліметінше, 2026 жылғы суға түсу маусымына жалпы саны 7 жағажай дайындалып жатыр. Оның ішінде 3 жағажай қала аумағында орналасса, 4 жағажай ауылдық округтерге тиесілі.

Кәсіпкерлердің немкеттігінен ауыздары күйген шенеуніктер енді жағажайды күтіп ұстау жұмысын өздері жүргізбек. Атырау қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылығы және тұрғын үй инспекциясы қала ішіндегі 3 жағажайды маусымға дайындау үшін 91 млн теңге қарастырып, тендер жариялап қойған. Дегенмен олардың арасында орталық спорт кешенінің маңындағы жағажай жоқ. Өйткені, енді ол аумақ жағажай ретінде ашылмайды. Тасқын кезінде жер бедері өзгеріп, тік жар пайда болған. Сондықтан төтенше жағдайлар департаменті ол жерді жағажай ретінде пайдалануға жарамсыз деп тапқан.

Атыраудағы жағажайлар
Фото: Нұрбибі Теміртасова

Мердігер мекеме жұмысты келісімшарт жасалғаннан кейін 3 ай ішінде орындауы тиіс. Талап бойынша кәсіпкерге Балықшы, Геолог және Жилгородок (Малибу) ықшамауданындағы жағажайларды абаттандыру және жайлы демалыс аймақтарын қалыптастыру мақсатында бірқатар кешенді жұмыс міндеттеліп отыр.

Атыраудағы жағажайлар
Фото: Нұрбибі Теміртасова

- Барлық жағажайда аумақты жарықтандыру жүйесі орнатылады, оның ішінде болат тіректер, 300 Вт қуатты прожекторлар және шамамен 100 метр электр желісі қарастырылған. Жағажай аумақтарына құм төсеу және жоспарлау жұмыстары жүргізіледі: Балықшы мен Геологта шамамен 3000 м², ал Жилгородокта 2800 м² аумақ қамтылады. Сонымен қатар, Жилгородок жағажайында қосымша 560 м³ құм-қиыршық тас қоспасы пайдаланылады,-делінген техникалық талапта.

Аталған аумақтағы жағажайларда демалыс инфрақұрылымы ретінде МАФ элементтері орнатылады. Олардың қатарында контейнерлер, металл орындықтар, көлеңкелі шатырлар, ақпараттық стендтер бар. Әр жағажайда кемінде 30 шезлонг және 10–15 көлеңкелі шатыр болуы тиіс.

Атыраудағы жағажайлар
Фото: Нұрбибі Теміртасова

Айта кетейік, бүгінде бұл мемлекеттік сатып алу конкурсы Атырау облысы бойынша ішкі мемлекеттік аудит департаментінің хабарламасына сәйкес тоқтатылған. Қайтадан жаңа конкурс жариялау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қалалық әкімдіктің баспасөз қызметінің мәліметінше, тендер құнында өзгеріс болмайды.

Атыраудағы жағажайлар
Фото: Нұрбибі Теміртасова

Дайындық жұмыстары толық аяқталып, жағажайлар ресми түрде ашылғаннан кейін, оларды әрі қарай күтіп-ұстау және басқару функциялары қалалық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөліміне қарасты «Бизнес және туризм орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесіне беріледі.

- Ал ауылдық округтерге қарасты 4 жағажайдың дайындығына сол округтердің әкімдіктері жауапты. Олар да өз кезегінде қажетті жұмыстарды жүргізу үшін бөлек тендерлік рәсімдер ұйымдастырады,-деп мәлімдеді әкімдіктің баспасөз қызметі.

Атыраудағы жағажайлар
Фото: Нұрбибі Теміртасова

ТЖД мәліметінше, өткен жылы 2025 жылғы шомылу маусымында қала аумағында қаза тапқандардың саны 8 адамды құрайды, оның ішінде біреуі - бала.

Бұған дейін Атырауда жасыл желектер есепке алынбағанын және дендрологиялық жоспар жасалмағанын жазған едік.

Атыраудағы жағажайлар
Фото: Нұрбибі Теміртасова