Атыраудағы Азғыр өңірі әлі де Ресейдің электр желісімен жарық алып отыр
АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырау облысының Құрманғазы ауданындағы Азғыр өңірін Қазақстанның бірыңғай электр желісіне қосу жобасы әзірге жоспар күйінде қалып отыр. Өңір тұрғындары қазір Ресей Федерациясы аумағынан келетін электр желісіне тәуелді.
Құрманғазы–Асан бағыты бойынша ұзындығы шамамен 200–220 шақырым болатын 110 кВ әуе электр желісін салу көзделген. Бұл жоба жайлы 2021 жылдан бері айтылып келеді. Облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы басшысының бөлім басшысы Асан Нұрғалиевтің айтуынша, қазіргі уақытта жаңа желіні электр энергиясымен қамтамасыз етудің жолдары қарастырылып жатыр. Әзірге жобаның нақты құны мен құрылыстың басталу мерзімі белгіленбеген. Соңғы есеп бойынша оны жүзеге асыру үшін кемінде 20 млрд теңге қажет.
— Жобаның негізгі мақсаты — Азғыр өңірін тұрақты және сенімді электр энергиясымен қамтамасыз ету, электр энергиясының сапасы мен сенімділігін арттыру, сондай-ақ электрмен жабдықтаудағы авариялық және технологиялық үзілістердің алдын алу. Жоба аясында Құрманғазы-Асан бағыты бойынша ұзындығы шамамен 200–220 шақырым болатын 110 кВ әуе электр желісін салу көзделген. Жоба EPC-келісімшарт (толық бітіріп берілетін құрылыс туралы шарт) негізінде іске асырылады, — деп хабарлады басқарма.
«Атырау Жарық» ЖШС-нің мәліметіне сәйкес, Азғыр өңірі бүгінде Ресей Федерациясының Жоғарғы Баскунчак қосалқы стансасынан тартылған 110 кВ электр желісі арқылы қамтылып отыр. Ресейден келетін электр желісінің жалпы ұзындығы 80 шақырымды құрайды. Оның 38 шақырымы Ресей аумағында, 42 шақырымы Қазақстан аумағында орналасқан. Азғыр аймағында төрт қосалқы станса жұмыс істейді. Оның екеуі — 110 кВ, қалған екеуі — 35 кВ. «Атырау Жарық» ЖШС бас инженері Қуат Сисенғалиевтің айтуынша, Азғыр өңірі бір ғана электр желісі арқылы қоректенетіндіктен, қолайсыз ауа райы кезінде апаттық ажыратулар жиі кездеседі. Ресей аумағындағы қосалқы стансада ақау болған жағдайда Сүйіндік, Балқұдық, Асан ауылдары электр жарығынсыз қалады.
— Электр желісінің ұзындығы кернеу қуатына да әсер етеді. Сондықтан әкімдіктің жобасы жан жақты сараланғаны жөн, — деп пікір білдірді Қуат Сисенғалиев.
Компанияның дерегіне сәйкес, 2026 жылдың басынан бері Азғыр аймағында электрмен жабдықтау жүйесінде 11 технологиялық бұзушылық тіркелген. Оның ішінде 3 жағдай Ресей Федерациясы тарапынан болған ажыратуларға, 8 жағдай «Атырау Жарық» ЖШС-нің электр желілеріндегі ақауларға байланысты болған.
Атырау Жарық мекемесінің ақпаратына сүйінсек, Азғыр аймағында 10 кВ әуе электр желісінің 12 шақырымына, 0,4 кВ желісінің 6,57 шақырымына күрделі жөндеу жүргізілді. Сондай-ақ 10/0,4 кВ болатын үш кешенді трансформаторлық қосалқы станса жөнделді.
Айта кетейік, қазіргі уақытта облыс орталығынан 300-ге жуық шақырым қашықтықта орналдасқан Азғыр аймағына қарасты елді мекендерде 1290 абонент бар. 78 заңды тұлға мен 112 бюджеттік ұйым тіркелген. Өткен жылы жеке тұлғалардың электр энергиясын тұтыну көлемі 2 млн 300 мың киловатт-сағатты, ал заңды тұлғалардың тұтынуы 2 млн 600 мың киловатт-сағатты құрады.
Бұған дейін Алматыда аптап ыстықтан электр энергиясы жаппай өшкенін жазған едік.