Атыраудағы бүтін бір отбасының өлімі: күдікті сот санкциясымен екі айға қамалды

АТЫРАУ. KAZINFORM — Атырауда ата-енесін, әйелінің бауырларын өлтірді деген күдікке ілінген Сұлтан Сәрсемалиев сот санкциясымен екі айға қамауға алынды. 

Атыраудағы бүтін бір отбасының өлімі: күдікті сот санкциясымен екі айға қамалды
Фото: almaty.tv

Мұндай шешімді қалалық мамандандырылған тергеу соты шығарды.

Алдын ала мәлімет бойынша, қазір Сұлтан Сарсемалиев тергеу изоляторында. Қазір 4 адамның өліміне кінәлі деп ұсталған күдіктіге қылмыстық кодекстің екі бабы бойынша іс қозғалған. Анығын айтқанда, ҚР ҚК 99-бабының 2-бөлігі, екі немесе оданда көп адамды өлтіру және 188-бап, ұрлық бойынша тергеу жүріп жатыр.

Еске салайық, жуырда тергеу әрекеттері үшін Сұлтан Сарсемалиевті Жангелдин ауылына және Наурыз Мұқанғалиев пен Мейрамгүл Қарабалинаның денесі табылған қаладағы үйге апарған еді.

Қаңтар айында ерлі-зайыптының денесі Жангелдин ауылындағы үйдің ауласындағы сарайдың ішінен табылды

Ал олардың балаларының мәйітін қайда көмгенін Сұлтан Сарсемалиев елге жеткізгеннен кейін көрсетті

Қазіргі уақытта құқық қорғау органдарының өкілдері елді шулатқан қылмыстың жай-жапсарын тергеп жатыр.

Айта кетейік, көз жұмған отбасының аман қалған жалғыз мүшесі, күдіктің әйелі болған Ақбаян Мұқанғалиева психикалық орталықта жатыр.