Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Атыраудағы домбыра пішінді концерт залы: 2,5 млрд теңге игерілді, қалғаны бөлінбеген

АТЫРАУ.KAZINFORM — Атырауда 1200 орындық концерт залының құрылысын мердігер мекеме өз қаражатына салып жатыр. Бүгінде әкімдіктен бөлінген 2,5 млрд теңге толық игерілген. Қосымша қаржы әлі қаралмаған. 

Атыраудағы домбыра пішінді концерт залы: 2,5 млрд теңге игерілді, қалғаны бөлінбеген
Фото: Kazinform

Жоба жетекшісі Амандық Қапаровтың айтуынша, қаржы мәселесі бүгінде өзекті. Алаңда құрылыс жұмысы жүріп жатыр. Қазір нысан басында 70 адам еңбек етіп жатыр. Жобаның жалпы құны 68 млрд теңге. Ал бөлініп, игерілгені 2,5 млрд теңгеге жуықтайды. Қаржы уақытылы бөлінбесе құрылыстың уақытша тоқтап қалу қаупі бар.

— Компания өз қаражатын салғанның өзінде оның қашан қайтарылатыны жөнінде мәселе бар. Бұл коммерциялық сұрақ, — деп пікір білдірді Амандық Қапаров.

Атыраудағы домбыра пішінді концерт залы
Фото: Kazinform

Ал бұл жобаға таптырыс беруші облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының өкілдері биыл қазынадан жобаға қажетті қаржының тең жартысы сұралды деп отыр.

— Жоба қажетті қаржының жартысын сұратып қойдық. Қаражат тек облыстық бюджеттен ғана емес, республикадан бөліну мүмкін. Қазір мердігер өзінің қаржысын да құйып жатыр. Біздің берген ақшаны да пайдаланып жатыр, — деді басқарманың бөлім басшысы Алтынбек Қуанғали.

Өткен жылдың соңында басталған құрылыстың нәтижесінде 2028 жылы облыстық тарихи-өлкетану музейі мен батыс өңірінде теңдесі жоқ концерт залы бой көтеруі тиіс. Мұражай 4, ал концерт залы 3 қабаттан тұрады. Екі нысанды домбыра пішіндес ерекше ғимарат байланыстырып, кіру аймағы болады. Биіктігі 40 метр болатын ғимараттың ең жоғары қабатында айналаны тамашалауға мүмкіндік беретін алаң қарастырылады.

Атыраудағы домбыра пішінді концерт залы
Фото: Kazinform

Бүгінде үш ғимараттың негізін салу жұмысы аяқталып, бетон құйылған. Металл конструкциялар салынып жатыр.

— Витражды, яғни әйнекпен қапталады. Биыл жыл соңына дейін әр ғимараттағы қабаттарды көтеріп, инженерлік желілерді жүргізуді жоспарлап отырмыз, — деді жоба жетекшісі Амандық Қапаров.

Атыраудағы домбыра пішінді концерт залы: 2,5 млрд теңге игерілді, қалғаны бөлінбеген
Фото: Kazinform

Бұл жобада автотұрақ мәселесі өзекті. Ғимарат айналасында 200-ге жуық көлікке арналған тұрақ орны болады деген жоспар бар.

— Жобада ғимараттың астыңғы қабатында тұрақ қарастырылмаған. Жалпы тұрақ санын көбейту мәселесі көтерілді. Алайда бұл сұрақ әлі ашық күйде тұр. Бұл нысанға барлығы бірдей көлікпен келмейтінін айта кеткен жөн, — деді облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының бөлім басшысы Алтынбек Қуанғали.

Атыраудағы домбыра пішінді концерт залы
Фото: Kazinform
Атыраудағы домбыра пішінді концерт залы
Фото: Kazinform

Бұл жобаның тамыры тереңде жатыр. Осы аумақта 2011 жылы басталған киноконцерт залының құрылысы сағызша созылып, тоқтап қалған еді. 2014 жылы облыстық мәслихат құрылысты жалғастыру тиімсіз деген шешім қабылдады.

Атыраудағы домбыра пішінді концерт залы: 2,5 млрд теңге игерілді, қалғаны бөлінбеген
Фото: Kazinform

Бұдан кейін шетелдік инвестор концерт залын бизнес орталыққа айналдыруға ниет білдірді

Аяқсыз қалған құрылысты «Атырау» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-ның балансына беру рәсімі жүргізілген еді

2022 жылы өңірге жұмыс сапарымен келген мемлекет басшысы жобаны біржақты етуді тапсырды. Бір жылдан кейін жергілікті билік екі ғимараттың бұзылатынын мәлімдеді. Демонтаж аяқталғаннан кейін жаңа залдың жобасы жасақталып, өткен жылы құрылысы басталды

Айта кетейік, ғимараттың жалпы құрылыс алаңы — 38 173 шаршы метр. Мәдени кешен үш функционалды блоктан тұрады.