Атыраудағы Зарослый және Гогольский каналдарын тереңдету қашан аяқталады
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласының маңындағы 3-ші және 6-шы өзекте, Приморский каналындағы түп тереңдету жұмысы аяқталды.

Атырау облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасы басшысының орынбасары Талғат Бисеннің айтуына қарағанда, Зарослый каналының түбін тереңдету жұмыстары жалғасып жатыр. Бұл каналдың ұзындығы – 26 шақырым.
– Түп тереңдету жұмыстарының басты мақсаты – Жайық өзенінің су өткізу қабілетін арттыру. Бұл жұмыс өзенге балықтың мол кіруіне де әсер етеді. Ал аталған төрт каналдың жалпы ұзындығы 50 шақырымды құрайды. Осы кезге дейін 2,6 шақырым аумақта тереңдету жүргізілді, - дейді Талғат Бисен.
Оның айтуынша, былтыр Жайық өзенінің теңізге құяр сағасын тереңдету басталған. Жоспарға сәйкес ұзындығы 10 шақырым, ені 20 метр аумақты 2 метрге дейін тереңдету көзделген.
– Былтырдан бері жоспарланған жұмыстың 70 пайызы атқарылды. Қазір ауа райына байланысты жұмыс уақытша тоқтап тұр. Мұз еріген соң қайта жалғасады. Өткен жылы басталған жұмыстың бірі – Атырау қаласың маңындағы Гоголський каналын тереңдету. Ұзындығы 33 шақырымдық каналдың 14,3 шақырымы тереңдетілді. Каналдың ені 18, тереңдігі 2 метрді құрайды. Биыл бұл каналды тереңдетуді аяқтау жоспарланып отыр, - деп мәлім етті Талғат Бисен.
Ал «Тухлая балка» буландыру алаңының маңындағы Теплый каналын тереңдету толық аяқталған. Тереңдету жұмысының нәтижесінде ені 12 метр, ұзындығы 10 шақырым канал 2 метрге тереңдетілген.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысында 51 елді мекенді тасқын су басу қаупі барын жазған болатынбыз.