Атырау облысында 51 елді мекенді тасқын су басу қаупі бар
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында 51 елді мекенді тасқын су басу қаупі бары анықталып отыр. Осыған байланысты аталған елді мекеннің бәріне маусымдық гидробекеттер орнату көзделген.

Атырау облысының Серік Шәпкенов көктемгі су тасқынының алдын алу мәселесі талқыланған жиын өткізді.
«Қазгидромет» РМК Атырау филиалының директоры Салауат Төленовтің айтуынша, Ресей Федерациясынан мол көлемде су келуі мүмкіндігіне болжам жасалған.

– Қазір Атырау облысының аумағында «Қазгидрометтің» 12 гидробекеті бар. Мұнда күніне екі рет су деңгейі, температурасы, мұздың қалыңдығы өлшенеді. Айына үш рет су ағысы тексеріліп, стандартты бақылау жүргізіледі. Қазір облыстың барлық су айдынында гидрологиялық жағдай тұрақты, мұз әлі қатып жатыр. Былтырғы 28 желтоқсаннан бүгінге дейін Ресейдің Орынбор облысындағы Ирекли су қоймасынан жіберілген су секундына 60 текше метр. Өткен жылғы ақпанда су жіберу секундына 25 текше метр болған еді. Кеше Ирекли су қоймасындағы су көлемі 2 624 млн, судың келуі секундына 19,1 текше метр болды, - дейді Салауат Төленов.
Әкімнің пікірінше, өзендердегі тек шекті деңгейді ғана емес, келіп жатқан судың көлемін де ескеру қажет.
– Осы орайда көпжылғы орташа көрсеткішке, өткен жылғы мәліметтер мен жоспарланған көлемге сүйенудің маңызы зор. Өткен жылғы тәжірибе көрсеткендей, су белгіленген деңгейге ғана жетіп қоймай, қосымша қауіп төндіруі мүмкін. Осыған байланысты Ақтөбе және Батыс Қазақстан облыстарының шекарасына жақын жерде судың көлемін бақылайтын бекеттер ашу, су басу қаупі жоғары 51 елді мекенде маусымдық гидробекеттер орнату керек. Ал «Қазгидромет» филиалы шекаралас аймақтардағы гидрологиялық жағдай бойынша жедел ақпарат алмасу жүйесіне көшуі тиіс. Су тасқыны екі жыл қатарынан қайталануы мүмкін екенін ескерген жөн, - деді Серік Шәпкенов.
Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің бастығы Нұрлан Жаңабаевтың айтуына қарағанда, су өткізетін құбырларды тазалау, бөгеттер мен қорғаныс нысандарын күшейту жұмысы жүріп жатыр. Былтыр Жайық өзені бойында 590 шақырым бөгет тұрғызылып, 20 шақырым канал қазылған.

– Республикалық және облыстық маңызы бар жол бойында 8 су өткізгіш құбыр орнатылды. Өзен бойында 90 шақырым жағалау нығайтылып, 121 шақырым түп тереңдетілді. Су тасқынға қарсы іс-шаралар әлі де жүргізіліп жатыр. Бұл бағыттағы жұмысты наурызда толық аяқтау жоспарланды. Төтенше жағдай резервінде жанар-жағармай, инертті материалдар мен қапшықтар қоры жасақталды. Нөпір судың салдарымен күреске 1510 адам, 244 техника, оның ішінде жүзу құралдары мен тікұшақтар дайын. Қажеттілік туындайтын болса, басқа өңірлердің күштері мен құралдарын жұмылдыру қарастырылып отыр, - деп хабарлады Нұрлан Жаңабаев.
Атырау қаласы мен 7 ауданның әкімі тасқын судың алдын алуға дайындық шараларын баяндады. Әкімдерге бөгеттерді жиі тексеру, осал тұсын нығайту, гидрологиялық жағдайды бақылауда ұстау тапсырылды.
– Былтырғы су тасқыны бізге үлкен сынақ болды. Осал тұсты байқадық. Тұрғындарды эвакуациялауды тиімді ұйымдастыру мәселесіне ерекше назар аудару қажет. Су басу қаупі жоғары аумақтардағы шаруа қожалықтарына алдын ала ескерту, малды уақытша орналастыратын орындар дайын болғаны жөн. Барлық су өткізетін нысан мен салынған бөгеттің жағдайы жан-жақты тексеріліп, жедел штабқа нақты ақпарат ұсынылуы тиіс. Былтыр қомақты қаржы бөліп, материалдық-техникалық база жаңартылды. Бірақ босаңсуға бой алдырмай, кез келген жағдайға дайын болуымыз керек, - деді Серік Шәпкенов.
Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау облысы көктемгі су тасқынына қалай дайындалып жатқанын жазған едік.