Атырау облысы көктемгі су тасқынына қалай дайындалып жатыр
АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау қаласының маңындағы, Қызылқоға, Индер, Жылыой және Махамбет аудандарында жағалау бөгетін нығайту қолға алынған. Каналдар түбі тереңдетіліп жатыр.

Атырау облыстық жұмылдыру даярлығы және азаматтық қорғау басқармасының бөлім басшысы Бектұрған Масатовтың мәліметінше, көктемгі су тасқынының алдын алу жұмыстарына 1511 адам, 244 техника, 187 мотопомпа, 20 жүзу құралы, 3 тікұшақ тартылады.

– Қазір көктемде болуы ықтимал су тасқынына дайындық пысықталды. Осыған байланысты 48,5 тонна жанар-жағармай, 235 тонна инертті материал, 300 мыңнан астам қапшық, 69 дана шатыр және 5 мыңнан астам төсек жабдығы дайын тұр. Атырау қаласының маңындағы Соколок каналының жанынан 24 шақырым қосымша арна қазылып, түбі тереңдетілді. Ал Гогольский каналының 30 шақырымында дәл осындай жұмыс атқарылып жатыр. Оның ені – 18, тереңдігі – 2 метр. Осы кезге дейін 14 шақырымындағы жұмыс аяқталды, - деп хабарлады Бектұрған Масатов.
Оның мәліметіне сүйенсек, Жылыой ауданындағы Жем өзені мен Құрсай каналының 95 шақырымын тереңдету көзделген. Оның 46 шақырымы Құрсай каналында, 49 шақырымы Жем өзенінде жүргізіледі.

– Осы кезге дейін Құрсай каналының 35 шақырымының енін 28 метрге кеңейтіліп, түбі 4 метрге тереңдетілді. Жағалауы бекітілді. Ал Жем өзенінің 25 шақырымында осындай жұмыс атқарылды. Аталған су арналарының 61 шақырымына бөгет соғу жоспарланған еді. Қазір оның 10 шақырымында жұмыс аяқталды, -деді Бектұрған Масатов.
Еске сала кетелік, Атырауда каналдар аршылып, бөгет салынып жатқанын жазған едік.