Тасқын қарсаңындағы қарбалас: Атырауда каналдар аршылып, бөгет салынып жатыр

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысында су тасқынының алдын алу үшін Жем өзені мен Құрсай каналы тереңдетіліп жатыр. Ал ұзындығы 80 шақырым Ақсай каналына жөндеу жүргізілді.

су тасқынына дайындық
Фото: Атырау облысының әкімдігі

Атырау облысы әкімінің орынбасары Марат Мурзиевтің мәліметінше, Ақсай каналы Индер ауданында орналасқан. Канал 1984 жылы пайдалануға берілген.

су тасқынына дайындық
Фото: Атырау облысының әкімдігі

– Бұл – каналға соңғы 40 жылда жүргізілген ауқымды жұмыс. Енді оның нәтижесі қандай болады? Алдымен күрделі жөндеуден соң шаруаларды сумен қамту үздіксіз жүргізіледі. Екіншіден, мал суаруға су беру сапасы жақсарады. Қазір каналдың бас бөлігінде 2 агрегаты бар НАПЭ-1,1 маркалы жүзбелі насос стансасы қойылды. Каналдың жаңғырту жобасы жасақталып, оның құрылысына Су ресурстары және ирригация министрлігі арқылы республикалық бюджеттен 2022-2024 жылдары 1058,9 млн теңге қаржы бөлінді, -деп хабарлады Марат Мурзиев.

Оның айтуынша, бөлінген қаржыға канал арнасы аршылып, 8 су қоймасы (котлован) тазаланған. Оның ішінде 4-еуі жаңадан қазылған. Ал 4-еуі бұрыннан бар.

су тасқынына дайындық
Фото: Атырау облысының әкімдігі

– Канал бастауындағы жүзбелі насос күрделі жөндеуден өткізліп, жаңа трансформатор орнатылды. Су есептейтін 1 гидробекет тұрғызылып, насос стансаның аумағы қоршалды. Су реттегіш 1 гидротехникалық құрылғы, 9 өткел жаңадан тұрғызылды. Осындай ауқымды жұмыстың нәтижесінде Ақсай каналынан ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің сұранысына сәйкес 1 мың 400 гектар суармалы егістікке, 60 мың гектар жайылымдық алқапқа суды үздіксіз жеткізуге болады, -деп мәлім етті Марат Мурзиев.

Ал облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нұрберген Құсайыновтың айтуынша, Құрсай каналы мен Жем өзенінің арнасын тереңдету жобасы іске асырылып жатыр. Су арнасының екеуі де Жылыой ауданында орналасқан.

су тасқынына дайындық
Фото: Атырау облысының әкімдігі

– Жалпы ұзындығы 95 шақырымды құрайтын жоба аясында Құрсай каналының 46,1, ал Жем өзенінің 48,9 шақырымын тереңдету жоспарланды. Аталған жоба жоспарына су арналаларының жағалауына 61 шақырым бөгет салу енгізілді. Осы кезге дейін Құрсай каналының 34,6, Жем өзенінде 30,8 шақырым түбі тереңдетілді. Жағалауда 61 шақырым бөгеттің үштен бірін салу аяқталды, -деді Нұрберген Құсайынов.

Жылыой ауданындағы бұл жұмыс былтырғы тамызда басталған. Бұл іске іске 450 адам мен 204 техника тартылған.

су тасқынына дайындық
Фото: Атырау облысының әкімдігі

– Жем өзенінің жағалауындағы бөгетті салудағы мақсат – Құлсары қаласын тасқын судан қорғау. Қазір бөгет аталған моношаһарды айнала салынып жатыр. Тасқынның алдын алу жұмыстарын көктемге дейін аяқталады, - дейді Нұрберген Құсайынов.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырау облысында көктемгі су тасқынына дайындық  туралы жазған болатынбыз.

су тасқынына дайындық
Фото: Атырау облысының әкімдігі

 

 

Соңғы жаңалықтар