Атыраудың Қызылқоға ауданында арнайы техникалар мемлекет меншігіне қайтарылды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысындағы Қызылқоға ауданында коммуналдық техникаларды мемлекеттің меншігіне қайтаруға шешім қабылданды.

коммуналдық техника
Фото: Алматы әкімдігі

Қызылқоға ауданының әкімі Қанат Әзмұхановтың айтуына қарағанда, бұрын 13 арнайы жеке кәсіпкерлердің сенімгерлік басқаруында болған.

– Бұл шешім ауылдардың тазалығы мен инфрақұрылымдық қызметтерді жүйелі түрде атқару үшін қабылданып отыр. Осы кезге дейін «Тазалық» жеке кәсіпкерлігінің басқаруына 8, «Шерәлі» жеке кәсіпкерлігіне 3, ал «Данияр» жеке кәсіпкерлігінің иелігіне 2 техника берілген еді. Оның ішінде вакуумды КамАЗ, «Урал», жүк тиегіш, автогрейдер, «Гидромек», қоқыс тасымалдайтын КамАЗ, МАЗ, тіркеме секілді коммуналдық салада қолданылатын арнайы техникалар бар, -деп хабарлады Қанат Әзмұханов.

Әкімнің айтуына қарағанда, бұл техникалар аудан аумағындағы жолды күтіп ұстау, қоқыс тасымалдау және басқа да коммуналдық қызметтерді атқаруға пайдаланылып келген. Алайда, жүргізілген тексерулер кезінде бірқатар кемшілік анықталған.

– Кейбір техникалар тиісті мақсатта қолданылмаған. Келісімшарт бойынша төлемдер кешіктірілген немесе толық төленбеген. Ал техникалардың күтімі талапқа сай жүргізілмеген. Осыған байланысты аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысына барлық техниканы бір орталыққа жинақтап, мекеме балансына қайтару жөнінде тапсырма бердім, -деп мәлім етті Қанат Әзмұханов.

Еске сала кетелік, бұған дейін бұрын Атыраудың Қызылқоға ауданында 2 өзеннің жағалауындағы бөгет биіктетіліп жатқанын жазған болатынбыз.

 

Соңғы жаңалықтар