Атыраудың Қызылқоға ауданында 2 өзеннің жағалауындағы бөгет биіктетіліп жатыр

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының Қызылқоға ауданында Ойыл өзенінің жағалауындағы бөгетті нығайту қолға алынды. Осы кезге дейін 26 шақырым бөгет биіктетілген.

Атыраудың Қызылқоға ауданында 2 өзеннің жағалауындағы бөгет биіктетіліп жатыр
Фото: qyzylqoga.kz

Қызылқоға ауданының әкімі Қанат Әзмұхановтың айтуынша, былтыр ауылдық округтерге екі өзеннен қауіп төнген. Оның бірі – Ойыл, екіншісі – Ноғайты өзені. 

– Бастауын Ақтөбе облысындағы Мұғалжар тауынан алатын Ойыл өзені аудан территориясындағы 7 ауылдық округтің аумағымен ағып өтеді. Біраз жыл бұрын өзен суы тартылып, экологиялық апат алдында тұрды. Ал соңғы үш жылда Ойыл өзені арнасынан асып, жағалаудағы ауылдарға қауіп төндірді. Табиғи сипаттағы апаттың алдын алу мақсатында аудандық арнайы штаб құрылып, тасқынға қарсы тосқауыл болар қауіпсіздік шаралары атқарылды. Биыл селге қарсы дайындық шаралары ерте басталды. Қазір Ойыл өзенінің бойында орналасқан ауылдық округтер аумағындағы қауіпті учаскелерде бөгеттерді нығайту және биіктету қолға алынды, -дейді Қанат Әзмұханов. 

Аудан әкімінің дерегіне қарағанда, 9 ауылдық округтің теңгеріміндегі ұзындығы 41,2 шақырым бөгет бар. Қазір Миялы, Жангелдин, Көздіғара, Тайсойған ауылдық округтерінде бөгеттің осал тұсын биіктету басталған. 

– Ойыл өзенінің Тасшағыл, Жамбыл, Қызылқоға ауылдық округтерінде жағалауындағы бөгетті нығайту мақсатындағы биіктету жұмысы толық аяқталды. Енді Ойыл ауылдық округіндегі осындай жұмыс басталады, -дейді Қанат Әзмұханов. 

Оның мәліметінше, осы кезге дейін екі өзен жағалауында 26,5 шақырым бөгет биіктетілген. 

– Соңғы жылдары Ноғайты өзенінен Сағыз ауылдық округіне бірнеше рет қауіп төнді. Осыған байланысты аталған өзеннің жағалауын биіктетіп, арнасын құмнан тазалауға шешім қабылданған еді. Қазір аталған су арнасы кеңейтіліп, 2 шақырым бөгетті нығайту жұмысы аяқталды, -деп мәлім етті Қанат Әзмұханов. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атыраудың Махамбет ауданында Жайық жағалауы бетонмен нығайтылып жатқанын жазған едік.

Соңғы жаңалықтар