Атыраудың Махамбет ауданында Жайық жағалауы бетонмен нығайтылып жатыр

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облысының Махамбет ауданында Жайық өзенінің жағалауы бетонмен нығайтылып жатыр. Мұнайлы шаһар маңындағы ауылдар қосымша бөгет салу қолға алынған.

Жайық жағалауы бетонмен нығайтылып жатыр
Фото: Атырау облысының әкімдігі

Махамбет аудандық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бас маманы Ерлан Жұмашевтың айтуынша, Жайық өзенінің жағалауында 17 елді мекен орналасқан. Жағалаудағы бөгеттің жалпы ұзындығы 116 шақырымды құрайды.

– Қазір Махамбет және Алға ауылында Жайық өзенінің жағалауын бекіту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Жағалауға арнайы бетон блок қойылып, қиыршық тас пен гидрооқшаулағыш материал төселді. Өзендегі су деңгейін бақылау үшін қосымша инженерлік құрылымдар орнатылды. Махамбет ауылында бұл жұмыстың 65, Алға ауылында 30 пайызы орындалды. Аудан әкімдігі жобаның іске асырылуы мен құрылыс жұмыстарының сапалы жүргізілуін қадағалауға алды, -деп хабарлады Ерлан Жұмашев. 

Жайық жағалауы бетонмен нығайтылып жатыр
Фото: Атырау облысының әкімдігі

Оның пікірінше, қиыршық тасты төсеу әдісі су эрозиясына төзімділікті арттырады. Сондай-ақ жағалаудың тұрақтылығын қамтамасыз етеді. 

– Топырақты нығайту үшін тас төселген соң жағалауды абаттандыру және көгалдандыру шараларын қолға алуды жоспарлап отырмыз. Жұмыс барысында тұрығындарға зиянсыз, экологиялық қауіпсіз әдістерді пайдаланудамыз, -дейді Ерлан Жұмашев. 

Жайық жағалауы бетонмен нығайтылып жатыр
Фото: Атырау облысының әкімдігі

Оның дерегіне қарағанда, Жайық өзенінің Махамбет, Бақсай, Сарайшық, Бейбарыс, Есбол, Ақтоғай ауылдарындағы жағалауында 28 шақырым бөгет нығайтылған. Енді жаңадан 8 шақырымдық тосқауыл салынып жатыр. Осы кезге дейін 20 шақырым жағалауда жұмыс толығымен аяқталған. Оған 20 адам мен 18 техника тартылған. 

Еске сала кетелік, бұдан бұрын тасқын қарсаңында Атырауда каналдар аршылып, бөгет салынып жатқанын хабарлаған едік. 

Соңғы жаңалықтар