Атыраулық бапкер дзюдодан спорт шеберлері арасында әлем чемпионы атанды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атыраулық бапкер Мейрамбек Есмағамбетов дзюдодан спорт шеберлері арасында әлем чемпионатына қатысты. Ол 4 қарсыласын ұтып, әлем чемпионы атанды.

Атырау
Фото: Атырау қаласындағы №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі

Атырау қаласындағы №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің директоры Асан Раушановтың айтуынша, дзюдодан спорт шеберлері арасындағы әлем чемпионаты АҚШ-тың Лас-Вегас штатында өткен. Әлемдік додада 60-тан астам елден 2 мыңға жуық спортшы бақ сынаған. 

Атырау
Фото: Атырау қаласындағы №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі

«Бұл додада ел намысын Атырау қаласындағы №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің аға жаттықтырушысы Мейрамбек Есмағанбетов қорғады. Оның мақсаты – осындай әлемдік сайыстардың шыңын бағындырып, еліміздің абыройын асқақтату. Ол осы додада өзінің шебер спортшы екенін дәлелдеп, 4 қарсыласын айқын басымдықпен ұтты», - дейді Асан Раушанов.

Оның айтуына қарағанда, 37 жастағы аға жаттықтырушыны Мейрамбек Есмағанбетовті бұл чемпионатқа Парадзюдодан ел құрамасының бас бапкері Жандос Қиянов дайындаған. 

«Мейрамбек Есмағамбетовтің бұған дейінгі жетістігі аз емес. Ол – бұдан бұрын бірнеше республикалық, құрлықтық чемпионаттардың жүлдегері болған. Оның еншісінде Қазақстан спартакиадасының, жастар арасындағы ел чемпионатының, 2023 жылы өткен спорт шеберлері арасындағы Азия ойындарының, әлем чемпионатының қола жүлдесі бар», - деп мәлім етті Асан Раушанов. 

Еске сала кетелік, бұған дейін Атыраулық өрт сөндіруші пауэрлифтингіден әлем чемпионы атанғанын хабарлаған болатынбыз.

Соңғы жаңалықтар