Атыраулық өрт сөндіруші пауэрлифтингіден әлем чемпионы атанды

АТЫРАУ. KAZINFORM – Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің өрт сөндіруші Ерсейіт Бралин пауэрлифтингіден әлем чемпионатына қатысты. Ол 100 келіде құрлықтық бәскенің чемпионы атағына ие болды. 

Атыраулық өрт сөндіруші пауэрлифтингіден әлем чемпионы атанды
Фото: Атырау облыстық ТЖД

Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қоғаммен байланыс тобы ұсынған ақпаратқа қарағанда, Ерсейіт Бралин Құрманғазы ауданындағы №7 өрт сөндіру бөлімінде жұмыс істейді.

«Пауэрлифтингіден әлем чемпионаты 25-27 қазан аралығында Қырғыз Республикасының астанасы – Бішкек қаласында өтті. Аталған бәсекеге 10-нан астам мемлекеттен келген 800-ден астам спортшы қатысты. Бұл сында Атырау облыстық төтенше жағдайлар департаментіне қарасты №7 өрт сөндіру бөлімінің бөлімше командирі Ерсейіт Бралин бақ сынап, 100 келі салмақ дәрежесінде әлем чемпионы атанды», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобы.

Атыраулық өрт сөндіруші пауэрлифтингіден әлем чемпионы атанды
Фото: Атырау облыстық ТЖД

Атыраулық өрт сөндіруші Ерсейіт Бралин спорттың бірнеше түрімен шұғылданады. Ол бірнеше спорт түрінен Қазақстан Республикасының спорт шебері атағын алған. 

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырау полициясында жұмыс істейтін ару қоян-қолтық ұрыстан Азия чемпионы атанғанын хабарлаған болатынбыз. 

Соңғы жаңалықтар