Аттан құлап, мертіккен ақтөбелік сот арқылы 12 млн теңге өндіріп алды

АҚТӨБЕ. KAZINFORM – Ақтөбелікке бірнеше рет ота жасалды. Кейін оған ІІ топ мүгедектігі берілді. Зардап шеккен қала тұрғыны сот арқылы материалдық және моральдық шығынды өндіріп алды.

лошадь, ат
Фото: Мақсат Шағырбаев/ Kazinform

Ақтөбе қаласының №3 сотында қауіпсіздік талаптары сақталмаған демалыс орнына қатысты іс қаралды. Талап қоюшы атқа мініп, серуендеген. Сол кезде құлап, ауыр жараланды.

- Талап қоюшы ауруханаға түскенін, нәтижесінде ІІ топ мүгедектігін алғанын көрсетіп, екі жауапкерлерден ортақ тәртіпте материалдық шығын, моральдық залалды өндіру туралы арыз жазды. Істі қарау барысында атпен серуендеу қызметін көрсеткен жауапкердің техникалық қауіпсіздікті сақтау шараларын қамтамасыз етпегені анықталды. Жауапкерден 2 270 098 теңге материалдық шығын, 10 000 000 теңге моралдық залал өндірілді, - деп хабарлады Ақтөбе қаласының №3 сотының баспасөз қызметі.

Айта кетейік, Ақтөбеде биыл 14 кәмелетке толмаған бала сотталды. Кәмелетке толмағандардың істері жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында 25 іс қаралды. Оған 36 сотталушы қатысты.