Аттракционға аяғы қысылып қалған: Қызылордадағы саябақ уақытша жабылды

ҚЫЗЫЛОРДА. KAZINFORM — Қызылорда қаласындағы жасөспірімнің аяғы аттракционға қысылып қалған жағдайға қатысты тың мәлімет пайда болды.

Аттракционға аяғы қысылып қалған: Қызылордадағы саябақ уақытша жабылды
Фото: Kazinform\ЖИ

Kazinform тілшісіне қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі хабарлағандай, оқыс оқиға 14 маусым күні түн жарымында болған. 

— Облыстық төтенше жағдайлар департаментінің құтқару жасағы гидравликалық құралдардың көмегімен дер кезінде зардап шегушінің аттракционның рельстік құрылымында қысылып қалған екі аяғын босатты. Одан кейін облыстық көпбейінді медициналық орталыққа жеткізілді, — делінген хабарламада. 

18 жастағы бозбала демалыс орнының қызметкері екен. Ауруханада екі аяғына ампутация жасалды.
Қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі саябақтағы аттракциондардың тіркелмегенін мәлімдеді.

— Бөлімге қалалық мәдениет паркі мен президент саябағындағы аттракциондар ғана тіркелген. Қалғаны жеке кәсіпкерлік нысандары болғандықтан олар өздері өтініш беріп, тіркелуі қажет. Дегенмен, «Арай» саябағы тарапынан аттракциондарды есепке алу туралы ұсыныс берілмеген. Облыстық мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы басқармасы мен қала әкімдігінің өкілдері өткен жылы 21 мамырда және 20 тамызда жаңадан орнатылған аттракциондар мен балаларға арналған ойын алаңдарын стандарт талаптарына сәйкес есепке қою қажеттігі туралы ескерту жасаған, — делінген хабарламада. 

Саябақ әкімшілігінің екі ескертуді елемегені соңында опық жегізді. Бүгінде еңбекті қорғау қағидаларын бұзу дерегі бойынша тергеу жалғасып жатыр. Ал демалыс орнының есігі тергеу аяқталғанша жабық.

Еске салайық, дәрігерлер бұған дейін емделушінің денсаулық жағдайы өте ауыр екенін айтқан болатын.