Атырау архивінен Шәмші Қалдаяқовтың айтылмай жүрген әні табылды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау архивінен композитор Шәмші Қалдаяқовтың айтылмай жүрген «Айша қыз» деген әні табылды. Әннің сөзін ақын, жазушы Берқайыр Аманшин жазған. Бұл туралы Х.Досмұхамедов атындағы Атырау университетінің профессоры, тарих ғылымдарының докторы Аққали Ахмет айтып берді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None
Ашық көздерден алынған фото

– Аққали Қабижанұлы, композитор Шәмші Қалдаяқовтың бұрын беймәлім болып келген әнін қайдан таптыңыз?

– Тарихшы ретінде өңірлік, Алматыдағы ұлттық архивте, Ресейдің Мәскеу, Санкт-Петербург, Орынбор, Астрахань қалаларындағы мемлекеттік архивтерінде жұмыс істедім. Сол кезде қазақ тарихына, Алаш қайраткерлері секілді ұлтымыздың тұлғаларына қатысты құнды мәліметтерді жинауға тырысамын.

Өйткені, Ресей архивтерінде халқымыздың тарихын тереңдетуге қажетті құнды деректер өте көп. Әсіресе, қазақтың ауыз әдебиетіне қатысты жұмбақтар, жаңылтпаштар, ертегілер, қайым айтыс, қыз бен жігіт айтысына материалдарды алып келдім.

Ал, «Қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші Қалдаяқовтың халқымыздың Жұмекен Нәжімеденов, Төлеген Айбергенов, Сабырхан Асанов, Мұхтар Шаханов, Тұманбай Молдағалиев, Қадыр Мырзалиев, Нұрсұлтан Әлімқұлов, Зәкір Шүкіров, Ғафу Қайырбеков, Нұтфолла Шәкенов секілді танымал ақындарымен шығармашылық байланыс орнатқанын білеміз.

Әсіресе, Жұмекен Нәжімеденовпен бірге жазған «Менің Қазақстаным» әні тәуелсіз еліміздің Әнұранына айналды.

Өмірден ерте өткен ақын Төлеген Айбергеновпен Атырауға келген сапарында «Ақ ерке, Ақжайық» әнін жазған. Композитордың ақын, жазушы, аудармашы Берқайыр Аманшинмен бірге «Айша қыз» атты ән жазған екен.

Фото: кейіпкердің жеке архивінен

Бұл ән бұрынғы облыстық «Социалистік құрылыс» (қазіргі «Атырау») газетінің 1959 жылғы 15 мамырдағы санында нотасымен жарияланған.

Газет тігіндісін Атырау облыстық мемлекеттік архивінің қорынан таптым.

– Композитордың бұл әні туралы өнер адамдары біле ме екен? Өнер зерттеушілеріне хабарласып көрдіңіз бе?

– Шындығында, Шәмші ағамыздың әлі жарыққа шықпаған әні көп болуы мүмкін. Соңғы жылдары сондай әндерінің кейбірі орындалып жүр. Бірақ дәл осы әннің радиодан, не телебағдарламалардан орындалғанын көрмедім.

Сол себептен, бұл ән қызығушылығымды тудырғаны рас. Қазақтың өнерін, халық әндері мен композиторларының, оның ішінде Шәмші Қалдаяқовтың шығармашылығы зерттеп жүрген Қазақстанның Еңбек Ері Илья Жақановқа хабарласқан едім.

Өнер зерттеушісі Шәмшінің әлі де жарыққа шықпаған, тіпті жоғалып кеткен әндері барын айтты. Алайда, композитордың «Айша қыз» әнін естімеген.

Бұл ән туралы Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, мәдениет қайраткері, Қазақ радиосының «Алтын қор» бөлімінің жетекшісі Алтын Иманбаевадан да сұрап көрдім.

Ол бұл әннің алтын қорда жоқ екенін айтты.

– Бұл әннің жергілікті басылымда жариялану себебіне үңіліп көрдіңіз бе?

– Мұның мынадай себебі болуы мүмкін. «Айша қыз» әнінің сөзін жазған Берқайыр Аманшин 1954-1959 жылдары «Қазақ әдебиеті» газетінде жұмыс істеген.

Ал, ән облыстық газетке жарияланған кезде қалагер Қазақстан Жазушылар одағының Гурьев облыстық бөлімшесінің хатшысы болған.

Мұнайлы өңірге қызметін ауыстырып келген кезде әнді нотасымен жергілікті газетке берген болуы мүмкін деп топшылаймыз.

– Ақынның кітаптарында бұл әннің мәтіні бар шығар...

– Берқайыр Аманшиннің бірнеше кітабы бар. Мәселен, «Өлеңдер» (1954), «Жылқылы ауыл» (1955), «Бұтақтағы бұлбұлдар» (1958) атты кітабы жарық көрген.

Бірақ, бұл топтамаларында аталған әннің мәтінін таба алмадық. Әнге айналған өлең мәтіні 1978 жылы «Жазушы» баспасынан жарық көрген «Жайық желі» және «Құтты мекен» (1984) кітаптарына жарияланыпты.

Неге екені белгісіз, Шәмші Қалдаяқовтың әр жылдары жарық көрген кітаптарында да бұл әннің нотасы енбеген.

– «ҚазАқпарат» оқырмандарына әннің мәтінін ұсына аласыз ба?

– Әрине, бұл ән Шәмші ағамыздың артында қалған шығармашылық мұрасына қосылуы тиіс.

– Әңгімеңізге рақмет!

Айша қыз

Музыкасын жазған Шәмша Қалдаяқов

Текстін жазған Берхайыр Аманшин

Жайықтың жағасында жасыл майса

Бір үйде сұлу қыз бар аты Айша.

Тұсынан күнде өтеміз қол бұлғап,

Біздерді байқамайды ол қалайша?

Біздерді байқамайды ол қалайша?

Айша – қыз, кел Жайыққа, мін қайыққа,

Айдынға серуендеп шығайық та.

Жүрегін жиырма жігіт ұсынғанда,

Жүруің сенің жалғыз ылайық па?

Жүруің сенің жалғыз ылайық па?

Айша – қыз, сен оқуға, біз теңізге

Арманда түсініспей кетеміз бе?

Жүрегін жиырма жігіт ұсынғанда,

Тым қатал болмасаңшы сен де бізге.

Тым қатал болмасаңшы сен де бізге.


Соңғы жаңалықтар