Атырау облысы әкімінің жаңа кеңесшісі тағайындалды

АТЫРАУ. 29 мамыр. ҚазАқпарат - Атырауда мүмкіндігі шектеулі жандардың мұң-мұқтажын аймақ басшысына жеткізіп, мәселелерді шешуге атсалысып отыратын арнайы көңесші тағайындалды. Бұл облыс әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетовтің өңірдегі мүгедектер ұйымдарының белсенді өкілдерін қабылдауында белгілі болды. Енді облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы Манап Абдрахимов қамкөңіл жандардың қордаланған проблемаларын тұрақты түрде хабарлап отырмақ.
None
None

Осы аптаның басында Үкімет үйінде Премьер-Министр Серік Ахметов өткізген селекторлық кеңесте мүмкіндігі шектеулі жандардың түйткілді мәселелері ортаға салынып, нақты тапсырмалар жүктелген еді. Осыған орай аймақ басшысы Бақтыкожа Ізмұхамбетов мүгедектердің басын біріктіретін түрлі қоғамдық ұйымдардың өкілдерін арнайы қабылдап, олардың мұң-мұқтажымен жан-жақты танысты.

«Үкімет басшысы бұл бағыттағы жұмыстарды жүйелі түрде атқарушы билікке жеткізетін, екіжақты қарым-қатынасты жақсарту мақсатында әр аймақта кеңесші қарастыруды тапсырған болатын. Сіздердің күрмеулі мәселелеріңізді талқылап, мұң-мұқтаждарыңызды тыңдау үшін шақырған едім. Оны құп көріп жиналғандарыңызға алғыс айтамын», - деді облыс әкімі Бақтықожа Салахатдинұлы Ізмұхамбетов.

Қабылдаудың басынан-ақ қамкөңіл жандарға елімізде айтарлықтай көмек көрсетілгенмен, мүмкіндіктері шектеулі болғандықтан, кездесетін қиындықтар да аз емес екендігі айқын аңғарылды. Алдымен сөз алған облыстық мүгедектер қоғамының төрағасы Манап Абдрахимов аймақта 15780 мүгедек бар болса, олардың барлығына дерлік ортақ түйінді мәселелерге тоқталды. Оның атап айтқанындай, біріншіден, мүмкіндігі шектеулі жандарды алаңдататыны - коммуналдық қызметтерге тарифті 50 пайызға төмендету мәселесі.

Қазақ зағиптар қоғамы Атырау облыстық филиалының төрағасы, І топ мүгедегі Нұрғали Алтынбеков те жылдар бойы қордаланған мәселелерді жайып салды. Өңірімізде 660 осындай зағип жан болса, әлі күнге дейін бәріне бірдей тифлоқұралдармен қамтамасыз етуге мүмкіндік болмай отырған көрінеді.

«Бізге жер бөлініп, екі бөлмелі ғимарат салынса, зағиптарға жұмыс табылады. Олар қарапайым жандармен бірлесіп кітаптарды дискіге жазар еді», - деген Н.Алтынбеков жұртшылыққа жағымды жаңалықты жеткізді. Тараз қаласында мүгедектер арасында өткен 4-ші спартакиададан атыраулықтар жүлделі оралып қайтты. Жалтыраған алтын, күміс, қола медальдарын қуана көрсеткен олар көңілдерінде ұялаған кірбіңді де жасырмады:

«Мүгедек әлемі» ҮЕҰ-ның төрайымы Гүлбаршын Нұржігітова он жылдан астам қызмет етіп келе жатқан ұйымның жұмысының нәтижесінде облыста сауықтыру орталығы құрылғанын, «инватакси» қызметі қолға алынғанын атап айтты.

Соңғы жаңалықтар