Атырау облысында ипотекалық баспана қолжетімді болады

«Бұрын екінші деңгейлі банктер ипотеканы жылдық 17%-бен берген болса, қазір ипотека беруді мүлдем тоқтатып тастады. Ал осы бағдарлама арқылы мемлекет ипотекалық қарыз бойынша сыйақы мөлшерлемесінің 6-7% субсидиялайтын болады», - деп хабарлады Атырау облысы құрылыс басқармасының басшысы Мәлік Аманов. Нәтижесінде қарыз алушының ай сайынғы төлемі 30-40 пайызға азаяды.
«Нұрлы жер» бағдарламасы екінші деңгейлі банктер беретін сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау арқылы ипотекалық несиенің қолжетімділігін арттыруға бағытталған.
Айта кеткен жөн, бағдарламаға қатысу үшін ипотека алуға кезекте тұру шарт емес, жеке басыңыздағы тұрғын үйлердің саны да маңызды емес. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша ипотекалық қарыз алуға Қазақстан Республикасының кез келген азаматы өтінім бере алады.
«Нұрлы жер» бағдарламасының ипотекалық несиелеудің қолжетімділігін арттыру, жеке компаниялардың тұрғын үй салуын ынталандырумен қатар басқа да мақсаттары бар.
«Бүгінде Атырау облысында «Нұрлы жер» бағдарламасымен халықтың әлеуметтік әлсіз тобы үшін несиелік және жалға берілетін тұрғын үй қорын құру аясында жалпы ауданы 135,6 мың шаршы метр болатын, 2007 пәтерлі 37 тұрғын үйдің құрылысы жүріп жатыр. Құрылыс жұмыстары жыл соңына дейін аяқталады. Биылғы 6 айда 291,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді, яғни 12 үй, 717 пәтер», - дейді Атырау облыстық құрылыс басқармасының басшысы Мәлік Аманов. - Сонымен қатар, биыл инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылым құрылысына 11,2 млрд теңге бөлінді, ол тұрғын үй құрылысының қарқынын жеделдетуге мүмкіндік береді. Қазір 4 368 пәтерден тұратын 43 көп пәтерлі тұрғын үйдің жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалу үстінде. Құрылыс 2018 жылы Атырау қаласының «Береке», «Нұрсая» ықшамаудандарында жоспарланған. Биыл аталған жобалардың ішінде жергілікті бюджет есебінен 2118 пәтерлі 14 тұрғын үйдің құрылысы басталады.
Құрылыс басқармасының басшысы Мәлік Амановтың айтуынша, үй салушылар «Нұрлы жер» бағдарламасына белсенді қызығушылық танытуда, қазір банктер бірнеше жобаларды қарап жатыр. Болжам бойынша азаматтардан өтініш қабылдау 2017 жылдың тамыз айында басталады.
Күні бүгін бағдарламаға қатысуға 7 банк қолдау көрсетіп отыр, олар: «Цеснабанк» АҚ, «Сбербанк» АҚ, «ЦентрКредитБанк» АҚ, «Банк RBK» АҚ, «АТФБанк» АҚ, «Қазақстанның тұрғын үй жинақ банкі» АҚ, «Tengri Bank» АҚ.
«ЦентрКредитБанк» пен «АТФБанк» өтінімдерді қабылдауды бастады.