Атырау облысында мүгедектігі бар 300-ге жуық адам жұмыспен қамтылған

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау облысында мүгедектігі бар 300-ге жуық адам жұмысқа орналасқан, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Гүлболат Аманғалиеваның мәліметінше, жұмыспен қамту орталықтарына мүгедектігі бар 485 адам жүгінген.

«Жыл басынан бері 407 адамға әлеуметтік қолдау түрлері көрсетілді. Ал, 293 адам жұмысқа орналасты. Өйткені, Атырау қаласы мен барлық ауданда мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту бағытында арнайы қаулы қабылданған еді. Осы қаулыға сәйкес мекемеде жұмыс істейтін адамның санына байланысты мүгедектер үшін 2-4 пайыз көлемінде квота бөлу көзделген. Қазір мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамти алатын мекемелер тізімі бекітілді. Мекемелердің басшыларына жұмыспен қамту ережесі түсіндірілді. Соның нәтижесінде жыл басынан бері квотамен 8 адам жұмысқа орналасты. Ал, қаулыны орындамай отырған, яғни мүгедектігі бар азаматтар үшін квота бөлмеген мекемелердің тізімі тиісті органдарға жолданды», - дейді Гүлболат Аманғалиева.

Оның айтуынша, жыл басына бері мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту шаралары аясында 105 адам қысқа мерзімді оқу курстарына жіберілген. Сондай-ақ, биыл мүгедектігі бар 9 адамға 400 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде мемлекеттік грант берілген. Қазір олар жеке кәсібін жүргізе бастады.

Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда мүгедектігі бар адамдарды оңалтуға арналған орталыққа жаңа жабдықтар алынғанын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар