АТЫРАУ ОБЛЫСЫНДАҒЫ ТЖ ОРНЫНАН ФОТО

АСТАНА. ҚазАқпарат - Атырау облысындағы төтенше жағдайдың мән-жайы белгілі болды. Кеше кешкісін «Алматы - Атырау» бағыты бойынша бет алған № 41 жолаушылар пойызының 12 вагоны жолдан шығып кеткен болатын. Апат Жантерек пен Еңбай разъездерінің арасында (Мақат кентінен шамамен 80 шақырым жерде) орын алды.
None
None

Пойыздың құрамында 19 вагон болған, оның 16-ы жолаушыларға арналған. Ал рельстен 13 вагон шығып кетті.

Аталмыш пойызда 586 жолаушы болған, оның 35-і қызмет көрсетуші жұмыскерлер. Аударылып қалған вагондарда 210 жолаушы мен 12 жолсерік болды.

«44 жолаушыға медициналық көмек көрсетілді, оның 21-і ауруханаға жеткізілді. Қазіргі кезде жолаушылардың барлығы оқиға орнынан қауіпсіз жерге шығарылды» делінген Көліктегі ІІД баспасөз қызметі таратқан хабарламада.

Ал, ҚР ТЖМ-нің мәліметінше, түрлі жарақат алған 8 жолаушы Атырауға, ал қалғандары автобуспен Мақат стансасына дейін жеткізілді.

ТЖ-дан кейін оқиға орнына 69 құтқарушы, 12 арнайы техника, 2 тікұшақ және 2 қалпына келтіру пойызы бағытталды. Медициналық көмек көрсету мақсатында 45 дәрігер мен 6 жедел-жәрдем бригадасы және 4 психолог жұмылдырылды. Сондай-ақ қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жұмысына 160 полицей тартылды.

Оқиға орнында апаттан кейін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде, деп хабарлайды ҚР ТЖМ. Бұл мақсатта жұмысқа бас-аяғы 218 маман, 22 техника, 8 электрсансасы мен Мақат пен Қандыағаш стансаларынан қалпына келтіру пойыздары жұмыс істеп жатыр.

Жолаушылар пойыздарының қозғалысы толығымен реттелді. Апат кезінде 325 метр теміржол зақымданған. Осы төтенше жағдай салдарынан 9 жолаушы және 34 жүк пойызы уақытынан кешіктірілді.

ТЖ орнында жедел-тергеу тобы жұмыс істеп жатыр. Аталған факті бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 295-бабының 1-тармағымен қылмыстық іс қозғалды.

Соңғы жаңалықтар