Атырау тұрғыны 100-ден астам айыппұлы бар көлікті сатып алған

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырау тұрғыны 3 млн теңгеге жуық айыппұлы төленбеген көлікті сатып алған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, Грузия Республикасында тіркелген көліктің төленбеген 106 айыппұлы бары анықталған.

«Атырау қалалық полиция басқармасы жедел басқару орталығының қызметкерлері 6 маусым күні сағат 12:00 шамасында патрульдік полиция қызметкерлеріне «Toyota Highlander» автокөлігін тоқтату туралы бағыттама берді. Полиция инспекторлары тоқтатқан көліктің рулінде 1998 жылы туған жүргізуші болды. Грузия Республикасында тіркелген бұл көліктің 2 млн 937 мың 417 теңге көлемінде төленбеген 106 айыппұлы бары, сақтандыру жүйесінде ақпарат тіркелмегені анықталды», - деп хабарлады департаменттің баспасөз қызметінен.

Осыған байланысты автокөлік иесіне ҚР Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодексінің 230-бабының 2-бөлігімен хаттама толтырылды. Ал көлік арнаулы тұраққа қойылды.

Көлік жүргізушісі аталған көлікті 2-3 күн бұрын сатып алғанын және 106 айыппұлы барын білмейтінін жеткізді.

«Тұрғындарға автокөлік сатып алу кезінде абай болуы керек. Алданып қалмау үшін сатып алатын автокөлікті тексеру қажет. Көлік құжатының, техникалық жағдайының дұрыстығын қадағалауды ескертеміз», - деп мәлім етті баспасөз қызметінен.

Еске сала кетелік, бұған дейін Атырауда жыл басынан бері айыппұл төлеуден жалтарған 500-ге жуық жүргізуші ұсталғанын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар