Атырауда 17 жастағы жасөспірім көпірден секіріп кетті

None
Видеодан алынған кадр//t.me/POLICE_of_KZ
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда 17 жастағы ер бала көпірден секіріп кетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаменті қоғаммен байланыс тобының мәліметінше, бұл туралы 20 мамырда жергілікті уақытпен сағат 22:40-та хабар түскен.

«Оқиға орнына жедел құтқару жасағының құтқарушылары 2 минутта жетті. Құтқарушылар жедел әрекет етіп, көпірден Жайық өзеніне секірген жасөспірімді құтқарып қалды. Оның жасы 17-де екені анықталды. «Апаттар медицинасы орталығы» мемлекеттік мекемесінің қызметкерлері жасөспірімге алғашқы медициналық көмек көрсетіп, жедел жәрдем бригадасына тапсырды», - деп хабарлады департаменттің қоғаммен байланыс тобынан.

Полиция департаментінің мәліметінше, көпірден секірген жасөспірімді құтқаруға полиция подполковнигі Абу Нұрлан, полиция капитаны Ришат Беркалиев, көлік инспекциясының қызметкері Батырбек Жиреншин мен полиция аға лейтенанты Батырбек Камалов, полиция лейтенанты Зауырбек Шайхатов атсалысқан. Қазір жедел тергеу тобы жасөспірімнің әрекетіне қатысты тексеруді бастады.

Құтқару жұмыстарына Атырау облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің жедел құтқару жасағынан 4 қызметкер мен 2 техника жұмылдырылды.

Айта кетейік, Атырауда көпірден секіру жағдайлары жиілеп тұр. Бұл – сәуірден бергі төртінші оқиға.

Бұған дейін Атырауда бір айға жуық уақыт бұрын жоғалған қыздың мүрдесі табылған еді.

Жасөспірім қыз 6 сәуірде үйінен шығып кетіп, кейін оралмаған. Облыстық Төтенше жағдайлар департаментінің құтқарушылары іздеуге 7 сәуірде кірісті. Кейін оның көпірден секіргені анықталды.

Ал 26 сәуірде 23 жастағы бойжеткен көпірден секіріп кетті.

Сондай-ақ 44 жастағы мас әйел көпірден секіруге оқталғанын хабарлаған болатынбыз.


Соңғы жаңалықтар