Атырауда 3 мыңнан астам отбасына атаулы әлеуметтік көмек берілді
АТЫРАУ. ҚазАқпарат –Жыл басынан бері Атырау қаласында үш мыңнан астам отбасына атаулы әлеуметтік көмек берілді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі Атырау қаласы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Биылғы 8 айда атаулы әлеуметтік көмек алушыларға 1 млрд теңгеден астам қаражат бөлінген.
Атырауда қалалық мәслихаттың кезекті сессиясы болды. Сессия барысында аз қамтылған отбасыларға атаулы әлеуметтік көлек бөлу жұмыстарының алдын ала нәтижелері жарияланды. Жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламаларды үйлестіру басқармасының басшысы Нұрлы Хабиеваның айтуынша, жыл басынан бері 3 184 отбасының 17 742 адамы мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алды, бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 5 есе көп.
«Атаулы әлеуметтік көмек алушыларға республикалық бюджеттен 1 миллиард 138 миллион теңге бөлінді», - деп мәлімдеді қала әкімінің баспасөз қызметі.
1 сәуірден бастап жаңа форматтағы атаулы әлеуметтік көмекті алу үшін 2911 отбасының 16 106 тұрғынынан өтініштер қабылданғанын хабарлады. 515 отбасына барлық отбасы мүшелерінің жиынтық табысының асып кетуіне байланысты АӘК берілмейтін болды.
Айта кетейік, АӘК тағайындау үшін үміткерлер тұрғылықты жері бойынша тұрақты немесе уақытша тіркеуде болуы тиіс екенін еске саламыз. Отбасы құрамында тек жақын туыстары: ата-аналар, балалар, асырап алушылар, асырап алынған, ағайынды інілері мен әпкелері, атасы, әжесі және немерелері кіреді.
«Егер отбасының бір адамға шаққандағы айлық табысы 20 789 теңгеден аспаса, онда ол отбасына атаулы әлеуметтік көмек беріледі. Сонымен бірге кәмелетке толмаған балаларға 20 789 теңге төленеді, ересектерге отбасының орташа кірісі мен АӘК өлшемінің арасындағы айырмашылық төленеді», - деп түсіндірді Нұрлы Хабиева.
Оның айтуынша, АӘК алу туралы толық ақпаратты қалалық жұмыспен қамту, әлеуметтік бағдарламалар және азаматтық хал актілерін тіркеу бөлімінен алуға болатындығын айтты. Оның мекенжайы: Атырау қаласы, Шәріпов көшесі, 4а.