Атырауда әскерилер мен еріктілер Мемлекеттік туды ұстап, шеру құрды

«Мемлекеттік рәміздер – сонау ықылым замандардан сыр шертер тағылымды тарихымыздың шынайы көрінісі, егемендігімізді айқындайтын, ел ертеңіне деген берік сенімді ұялататын қасиетті нышанның бірі. Халқымыздың рухын, ұлттық салт-санасын, қаһармандығы мен даналығын, болашаққа деген үмітін, арман-тілегін паш ететін, ортақ мақсатқа топтастырып, біріктіруші күшке ие мемлекеттік рəміздерді көзіміздің қарашығындай сақтап, қастерлей білейік! Көк туымыз биікте желбіреп, Əнұранымыз асқақтай берсін!» - деді облыс әкімі Серік Шәпкенов.
Мемлекеттік рәміздердің 30 жылдығына арналған іс-шараға Қарулы күштер мен Ұлттық ұлан әскерилері, этномәдени бірлестіктердің өкілдері және мектеп оқушылары қатысты. Жергілікті өнерпаздар патриоттық әндерді шырқады.
Еске сала кетелік, бұдан бұрын Атырауда биіктігі 91 метрлік тутұғыр орнатылғанын хабарлаған едік.