Атырауда демеушілер науқас бүлдіршінге оттегі аппаратын сыйға тартты

АТЫРАУ. ҚазАқпарат – Атырауда демеушілер науқас бүлдіршінге оттегі аппаратын сыйға тартты. Оттегі аппаратын 5 жылға дейін пайдалануға болады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Атырауда демеушілер науқас бүлдіршінге оттегі аппаратын сыйға тартты

Өңірлік коммуникациялар қызметінің мәліметіне сүйенсек, демеушілік көмектің ұйымдастырылуына облыстық денсаулық сақтау басқармасы ұйытқы болған.

Ал, 6 жасар Раяна Құбышева туғаннан оттегі аппаратына тәуелді. Сол себептен, ата-анасы оны облыстық балалар ауруханасына жиі әкеледі. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының өтінішімен «Артель Инжиниринг» компаниясы Рая Құбышеваға оттегі аппаратын сыйға тартты.

Ресей Федерациясынан шығарылған оттегі аппаратының құны – шамамен 500 мың теңге. Оттегі аппаратын 5 жылға дейін пайдалануға болады.

«Біздің компания облыстық денсаулық басқармасымен бірлесіп, қайырымдылық жобаларын атқарып келеді. Сондай мақсатпен оттегі аппаратына мұқтаж 6 жасар бүлдіршінге сый жасадық. Әрине, мұндай қымбат құрылғыны алуға бәрінің жағдайы жетпейді. Оған қоса, ауруханаға жиі қатынау да қиындық тудырады. Осындай қайырымдылық шараларын алдағы уақытта тағы жалғастырамыз», -дейді «Артель Инжиниринг» компаниясының бөлім басшысы Алёна Сергеева.

Еске сала кетелік, бұған дейін Қазақстан халқына қоры Атырау облысында 2 спорт залды жабдықтап беретінін жазған болатынбыз.