Қазақстан халқына қоры Атырау облысында 2 спорт залды жабдықтап береді

None
None
АТЫРАУ. ҚазАқпарат – «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры Атырау облысындағы 2 спорт залды жабдықтармен қамтиды. Бұл туралы аталған қордың басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бүгін Атырауда аталған қордың басқарма төрағасының орынбасары үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен кездесті.

ҮЕҰ өкілдері ерекше балаларды шетелде емдету, оларды қажетті құрылғылармен, ортопедиялық аяқ киіммен қамтамасыз ету мәселесін көтерді.

Сондай-ақ, өңірдегі мүмкіндігі шектеулі жандарға медициналық көмек көрсету, білім сапасын арттыру секілді өзекті мәселелер талқыланды.

Басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаеваның айтынша, «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры қан-тамырларының патологиясы бар атыраулық бүлдіршінге медициналық қолдау көрсеткен.

Енді төрт атыраулықты инновациялық протездік-ортопедиялық бұйымдармен қамтамасыз ету көзделіп отыр.

Алдағы уақытта Мақат және Индер ауданындағы 2 спорт залға жалпы сомасы 15 миллион теңгеге жуық қаражатқа қажетті жабдықтарды сатып алып береді.

«Біз үшін әр өңірдегі түйткілді мәселелерді саралап, алдағы уақытта қаржының жұмсалатын бағытын анықтаудың маңызы зор. Ауылдарда мүмкіндігі шектеулі балаларға спорт бағыты бойынша үйірмелер ашылады. Ал, аудандарда білім сапасын арттыру үшін тірек мектебін ашу жоспарланып отыр. Тірек мектебін қажетті құралдармен жабдықтап береміз. Қорға жиналған қомақты қаражат денсаулық сақтау, білім, спорт, әлеуметтік қамту салаларын жақсарту, төтенше жағдайдың салдарын жою үшін жұмсалады», -деді «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева.

Оның дерегіне қарағанда, «Қазақстан халқына» қоғамдық қорына осы кезге дейін 130 млрд теңгеден астам қаражат түскен.

Қордағы қаржының қалай жұмсалатынын кез келген азамат біле алады.


Соңғы жаңалықтар