18:24, 30 Тамыз 2014 | GMT +5
Атырауда «Көшпенділер» атты күмістен жасалған мүсіндердің көрмесі ашылды (ФОТО)
АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырауда Конституция күнінде белгілі қазақстандық суретші, «Болашақ» президенттік сыйлығының лауреаты Марат Габдрахмановтың күмістен жасалған мүсіндерінің көрмесі ашылды.

«Көрмеге 70-тен астам жұмыс қойылды, негізінен күмістен жасалғандар. Туындылар Батыс Қазақстанда тұрған көшпенді халықтың мәдениеті, тұрмыс-тіршілігі, өнерін қамтыды. Бұл республикадағы күмістен жасалған мүсіндердің алғашқы көрмесі. Осыған дейін туындылар Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мұражайында, Ресей және АҚШ галереяларында қойылған. Алайда бір бөлігі ғана. Қазақстандықтар бірінші болып күмістен жасалған мүсіндердің ауқымды көрмесін тамашалайтын болды», - деді көрменің ашылу салтанатында Марат Ғабдырахманов.
Көрмеде сонымен қатар Батыс Қазақстан облысының атақты шебері Ерғали Бекешевтің, атыраулық Серік Матениязовтың және Астананың шебері Тоқтар Ермековтың еңбектерін көруге болады.