Атырауда мемлекеттік этносаясатты іске асыру мәселелері бойынша тренинг семинар жұмысын бастады

Оны Қазақстан халқы Ассамблеясы төрағасының орынбасары - ҚР Президенті Әкімшілігі Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығының меңгерушісі Ералы Тоғжанов пен Атырау облысы әкімінің орынбасары Серік Айдарбеков ашты.
Оқыту семинарына этникаралық және конфессияаралық қарым-қатынастар мәселелерімен айналысатын мемлекеттік қызметкерлер, этномәдени және өзге де қоғамдық ұйымдардың басшылары, ғылыми-сараптамалық топтардың, ЖОО-лардың, Батыс аймағындағы БАҚ өкілдері қатысуда.
Семинардың мақсаты - этникааралық және конфессияаралық қарым-қатынастар саласындағы тыңдаушылардың кәсіби білімдері мен дағдыларының деңгейін ҚР Президентінің 2012 жылдың 27 қаңтардағы «Әлеуметтік-экономикалық жаңғырту - Қазақстан дамуының басты бағыты» атты халыққа арнаған Жолдауы негізінде көтеру.
Тренинг-семинарда этникааралық және конфессияаралық қарым-қатынастар мен тілдік саясат саласындағы халықаралық және отандық сарапшылар дәрістерін оқиды.
Семинар барысында гуманитарлық саладағы этникааралық төзімділік пен қоғамдық келісім және тілдік саясатты нығайту бойынша мәселелердің кең ауқымы талқыланады.
Үшкүндік семинар аяқталған соң оның қатысушыларына сертификаттар беріледі.
Семинарды Қазақстан халқы Ассамблеясы, ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының этникааралық және конфессияаралық қарым-қатынастар саласын зерттеу бойынша орталығы және Атырау облысының әкімдігі ұйымдастырды.