Ұлттық құрылтай Ұлттық құрылтай

Атырауда Оңтүстік Кореяның құрметті консулы болып Сағат Түгелбаев тағайындалды

АТЫРАУ. ҚазАқпарат - Атырау облысында Оңтүстік Корея Республикасының жаңа консулы болып өңірдегі танымал бизнесмен Сағат Түгелбаев тағайындалды.

Атырауда Оңтүстік Кореяның құрметті консулы болып Сағат Түгелбаев тағайындалды

«Енді біздің Қазақстанның ең маңызы зор облысының бірінде өз көмекшіміз бар. Ол мұнайлы өлкеде жұмыс істеп жатқан корейлік компаниялардың мүддесін қорғайтын болады. Сондай-ақ, корей диаспорасы өкілдерімен туындайтын түрлі мәселелерді шешуге ықпалдасады», - дейді Қазақстандағы Оңтүстік Корея Республикасының Төтенше және Өкілетті Елшісі Чо Енг Чон.

Атырау облысының әкімі Бақтықожа Ізмұхамбетов Оңтүстік Корея Республикасының Қазақстандағы Төтенше және Өкілетті Елшісі Чо Енг Чонмен кездесу өткізді.

Атырау облысында корей капиталы негізінде жұмыс істейтін 6 кәсіпорын барын, соған қарамастан екі ел арасындағы тауар айналымы көлемі 300 млн. долларға жетер-жетпес екенін тілге тиек еткен облыс басшысы қос мемлекеттің осы мәселе төңірегінде тереңірек ынтымақтастық орнататынына үмітті екенін жеткізді.

Әкімнің ойынша, ынтымақтастықты әуелі денсаулық сақтау, мұнайхимиясы, агроөнеркәсіп секторы саласында дамыту керек. Облыстың дамып келе жатқанын Елшіге таныстырып өткен ол бірнеше жоба бойынша серіктес болуға шақырды.

«Біздің облыс - өнеркәсіп қалыптасқан өңір. Алайда Елбасы тапсырмасы бойынша Атырау облысы соңғы жылдары басқа бағыттардағы жобаларды да жүзеге асырып келеді. Мен соңғы он шақты жылда Оңтүстік Корея Республикасының инновациялық медицина саласында көптеген жетістіктерге жеткенінен хабардармын. Сондықтан мен осы салада бірлескен жоба аясында серіктес болуды ұсынар едім. Мәселен, бірлескен медициналық орталық салуымызға болар еді», - деді өңір басшысы.

Сондай-ақ, өңір басшысы Елшіге жыл соңында облыста 50-ден астам дәрі түрін шығаратын жаңа фармацевтикалық зауыт ашылатынын, бұл жобаға корейлік тарап та қатысуына мүкіндік барын айтты.

Оңтүстіккореялық дипмиссия басшысы облыс әкіміне қабылдағаны үшін алғыс айтып, өзінің іскерлік қарым-қатынастарды кеңейтуге әзір екенін жеткізді.