Атырауда сумен жабдықтауды жақсарту үшін 570 млн. теңге инвестицияланады
АТЫРАУ. 31 мамыр. ҚазАқпарат - Атырау облысында «Атырау Су Арнасы» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорны жасаған сумен жабдықтауды жақсартуға бағытталған инвестициялық бағдарламаға 570 млн. теңге бөлінеді.
Бұл туралы тұрғындарға суды жеткізушілер мен ҚР Табиғи монополияларды реттеу агенттігінің Атырау облысы бойынша департаментінің журналистерге арнап ұйымдастырған баспасөз туры кезінде мәлімделді.
«Атырау Су Арнасы» КМК-ның техникалық жетекшісі Михаил Сидоровтың хабарлауынша, инвестициялық бағдарлама бойынша бұл қаражатқа 2012-2014 жылдары жалпы ұзақтығы 9,2 шақырымды құрайтын су құбырлары жүйесінің және 1,6 шақырымдық кәріз жүйесінің апатты учаскелерін жөндеу және ауыстыру қарастырылған. Сондай-ақ тозығы кеткен сорғы-қуат беру құралдары ауыстырылады, арнайы техника мен есептеуіш құралдар сатып алынады.
«Бұған дейінгі инвестициялық бағдарлама бойынша 2009-2011 жылдары су құбырларының 2,3 шақырымы және кәріз желісінің 0,4 шақырымы, сондай-ақ сорғы-қуат беру және көмекші жабдықтар ауыстырылды. Бұған 150 млн. теңге жұмсалған болатын. Тұрғындарға ауыз суды сату көлемі үш жылда жылына 12,7 млн. текше метрден 15,4 миллионға дейін өсті», - деп ақпараттандырды «Атырау Су Арнасы» КМП баспасөз қызметінің жетекшісі Александр Пастухов.