Атыраудың Жылыой ауданында бір жылда 1300 адам аштықтан қырылған
АТЫРАУ. ҚазАқпарат- 31 мамыр - Саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандарын еске алу күні. Ел тарихындағы қайғы-қасіретке толы жылдар ұмытылмайды. 1922 жылы бір ғана Жылыой ауданында 1300 адам аштықтан көз жұмған. Бұл туралы ҚазАқпарат тілшісіне Атырау облыстық мемлекеттік архивінің бөлім басшысы Райса Тастемірова айтты.
Райса Тастемірованың пікірінше, архивте Атырау жеріндегі ашаршылыққа душар болған, көмекке зәру адамдардың нақты саны болмағанмен, 1921 жылғы архив құжаттарында сол кезеңде Орал губерниясы, Гурьев уезіндегі ашаршылық жағдайын баяндайтын тарихи деректер кездеседі.
Елдегі осындай ауыр жағдайға байланысты арнайы комиссия құрылып, ашаршылықта көмекке зәру жандарды есепке алып, оларға көмек қорын жасау барысында жоспар құрылады.
«1922 жылы бір ғана Жылыой ауданында 1300 адамның аштыққа ұшырағаны, оларға жергілікті атқарушы органдардан көрсетілген болмашы көмектер туралы, Гурьев уезінің Бестөбе болысындағы №2 ауылда 145 адамның аты-жөнімен аштықта екендігі, Атырау (Гурьев) қаласынан аштыққа ұшыраған 465 адам Ресейдің Саратов, Астрахан, Кубань, Пенза, Қазан қалаларына, Украинаға және Өзбекстанның Ташкент, Самарканд қалаларына жан сауғалап кеткендігі туралы деректер бар. Сондай-ақ құжаттарда губерниялық комиссияның төрағасы Чеботаревтің: «... ел ашығуда, биылғы жылғы құрғақшылықтан келесі жылғы егін жинау науқанына дейін үкіметтің көмегінсіз он миллионнан астам халықтың тірі қалмасы анық. Барлық шаруашылықтар, мал шаруашылығы да, егін шаруашылығы да қиын жағдайда, Гурьев уезінде астық өндірілмейтіндіктен, халықтың жағдайы нашарлады» деп жазылғаны көрсетілген»,-дейді Р.Тастемірова.
Қасіретті жылдардың екінші кезеңінде репрессия шаралары жалғасып, бай-кулактарды тап ретінде жою, билік тарапынан мақсатты түрде жүргізілген.
«1928 жылдың 27 тамызындағы «Ірі бай шаруашылықтары мен жартылай феодалдарды тәркілеу және жер аудару туралы» декреті қазақ еліне зор қасірет әкелді. Атырау облысы мемлекеттік архивіндегі қор құжаттарында 1923-1927 жылдарда Гурьев уезі Саркөл болысының өзінен ғана тәркілеуге ұшыраған Өтеген Көпенов, Орынбай Бөкенчиев, Жанабай Қосаманов, Дәулетияр Есеев, Қабыл Қосқұлақов сияқты байлар мен молдалар, судьялар, діни адамдардың саны 69 болса, Новобогат болысы бойынша Ахметов Тұхпатолла, Тұрланов Фазыл т.б. жоғарыда аты аталған санатқа жататын адамдар саны 55 болған. Қазақстанның басқа округтерінен Гурьев облысының аудандарына жіберілген адамдар тізімі бар», - архив қызметкері.
Тәркілеу науқанының қарсаңында республиканың өз ішіндегі көші-қон мәселесінде Гурьевтен Петропавлға, Ақмоладан Гурьевке жер аудару туралы 1928 жылы 30 тамыздағы қаулысы шыққан еді. Ақмола округінен Гурьевке 15 бай ﴾үй-ішімен 69 адам﴿ жер аударылып келген. Мысалы: Ақмоладан Байменов Нығметжан, Оразбаев Мырзахмет жанұялары Қызылқоғаға жер аударылса, Қуандықов Мұқажан, Курпекбаев Смағұл жанұялары Есбол ауданына көшіріледі. Осы отбасылармен бірге келген Доғалақовтар, Шоқаев, Қапеновтер Гурьев қаласына орналастырылады.
Молдалар мен діндарларды «басқаша, бөтен ойлайтындар» деп айыптады.
Үшінші кезең шамамен 1933 жылдан басталып, 1937-1938 жылдары өзінің шарықтау шегіне жетті. Құжаттық деректер ОГПУорындарының Қазақстанда оннан астам «контрреволюциялық ұлттық ұйымдарды» әшкерелеп, соның ішінде Атырау өлкесі бойынша «ұлтшыл Мендешевтік, Меңдіқұловтық топтарын» жойғандығы жөнінде мәлімет береді.
Райса Тастемірованың айтуынша, олардың арасында 1937 жылғы 29 шілдедегі Гурьев окружкомының бюро отырысының 29-протоколында мұнай рабфагының директоры Иманғали Адаевтың мәселесі талқыланған. Оны «контрреволюциялық ұлтшыл Мендешевтік топты» қорғады және «Казақтын томалак бас - кара баласы, Орыстын сопакбас сары баласы» (құжаттағы орфограция сақталған - авт.) деп студенттер арасында «фашистік нәсілдік теорияны жариялады» деген желеумен қызметінен түсіріп, партиядан шығарады. Ақыры, репрессияның құрбаны болады.
Сондай-ақ архивтік деректерде 1938 жылғы ақпан-наурыз айларында Гурьев облысында шет мемлекеттердің пайдасына тыңшылық және саботаж жасады деген күдікпен қылмыстық жауапкершілікке 45 адам жауапқа тартылғаны, НКВД органдарында контрреволюциялық қылмыстар туралы істерді қарау көбейгені, түрмелердің лимиті бұзылып, 200 тұтқындалушыға арналған орында 700 тұтқын отырғаны туралы айтылады.
Зерттеу жұмыстары бұл «контрреволюциялық» ұлттық ұйымдар есебінде «әшкереленген» топтардың қалыптасу барысын, тергеушілердің қоғамнан социалистік құрылысқа қарсы зиянкестік әрекеттерді жүргізуші «элементтерді» неғұрлым көбірек тауып, өздеріне жүктелген жоспарды асыра орындауға тырысқанын көрсетеді. Тұтқындардың арасынан шетелдік, негізінен, Германия мен Жапония сияқты мемлекеттердің кеңестік қоғамдағы «агенттерін» көбірек табуға күш салынған.
«Осындай жер аударудың нәтижесінде Атырау жеріне кәріс, шешен, Қырым татарлары және басқа да ұлт өкілдері қоныс аударғанын архив деректерінен көруге болады. Бұл ұлттар да қатал тоталитарлық жүйенің барлық ауыртпалығын қазақ халқымен бірге көтеріп, қиын заманға қарамастан, жергілікті қазақ ұлтының көмегі мен қамқорлығына ие болды»,- дейді Р.Тастемірова.