Атыраулық кәсіпкерлер Беларусьпен және Удмуртиямен байланысты кеңейтеді
«Кедендік одақ аясында Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасы қазірдің өзінде Беларусь және Удмуртия елдерінің компанияларымен 15 келісімшарт жасасты. Бұл бағыттағы жұмыс жалғасуда. Алдымен біз КО мүше-елдерінің нарығын зерттеп жатырмыз», - деді Атырау облыстық кәсіпкерлер палатасының директоры Асылбек Жәкиев. Ресей Федерациясының Удмуртия Республикасы басшылығының шақыруымен 26 мамырда атыраулық кәсіпкерлер делегациясы Удмуртия Республикасының Ижевск қаласына «Удмуртия Республикасындағы инвестор апталығы -2014» форумына қатысуға аттанады.
Апталық аясында ынтымақтастық мәселесі сөз етілмек.
«Удмуртия Республикасының басшылығы екі жақ кәсіпкерлерінің танысып, байланыс орнатуы үшін арнайы бағдарлама дайындауға әзір. Оның ішінде «Удмуртияда Қазақстан күнін» ұйымдастыру да жоспарланған», - деді А.Жәкиев.
Мамыр айының ортасында Гомель облыстық атқару кеңесінің шақыруымен атыраулық кәсіпкерлер Беларусь Республикасының Гомель облысына XV Халықаралық әмбебап көрме-жәрмеңкесі аясында өтетін ХІ Гомель экономикалық форумына барады.