Ауа жетпейді: Алматыдағы сотта ісі қаралған басқарма басшысы мәлімдеме жасады
АЛМАТЫ. KAZINFORM – Алматыда қала құрылысын бақылау және урбанистика басқармасының бұрынғы басшысы Алмасхан Ахмеджанов сотта денсаулығының нашарлағанын айтып, медициналық сараптама тағайындау туралы өтініш білдірді.
Қорғаушы тараптың судьяны істен шеттету туралы өтініші қанағаттандырылмаған соң, бүгінгі сот процессі Алматы қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының судьясы Бақытхан Бәкірбаевтың төрағалығымен өтті.
Алмасхан Ахмеджанов сотта медициналық сараптама жүргізуді сұрады.
— Өзімді өте нашар сезініп тұрмын. Қазір мені автозакпен алып кетеді, ал ол жерде маған ауа жетпейді. Жүрек ауруым бар, үшінші топтағы мүгедекпін, — деді ол.
Соттың айтуынша, айыпталушының денсаулығында оны бұдан әрі қамауда ұстауға мүмкіндік бермейтіндей медициналық көрсеткіштері болса, қорғаушы тарап ҚАЖК мен прокуратураға жүгінуге құқылы. Осы органдар сотталушының денсаулығын тексеруге тиіс.
— Егер аталған мекемелер сотқа айыпталушыны бұдан әрі қамауда ұстауға болмайтыны туралы қорытынды берсе, онда сот бұл өтінішті қарастыра алады, — деді судья.
Еске салайық, алдын ала тыңдау кезінде Алмасхан Ахмеджановтың адвокаттары денсаулық жағдайына байланысты оны үй қамағына ауыстыруды немесе басқа бұлтартпау шарасын таңдауды талап еткен еді.
Бүгін Алматы қаласының Қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында алты айыпталушыға қатысты істі қайта қарау басталды. Олардың арасында Алмасхан Ахмеджанов пен жер қатынастары басқармасының бұрынғы басшысы Ардақ Самамбетов бар.