Аудан әкімдері үшін кәсіпкерлікті дамыту бойынша жеке KPI бекіткен жөн — Ерлан Қошанов

АСТАНА. KAZINFORM — Жергілікті атқару органдары деңгейінде шағын және орта бизнесті дамыту міндеті көбінесе «көмескі» күйінде қалып отыр. Бұл туралы бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Палата спикері Ерлан Қошанов айтты.

Ерлан Қошанов
Фото: Мажіліс

— Биыл осымен екінші рет Жоғары аудиторлық палатаның есебін тыңдап отырмыз. Бірінші жартыжылдықта дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету жайын кеңінен талқылаған едік. Бүгін қаралып жатқан мәселенің де — кәсіпкерлікті қолдау шараларының да маңызы зор. Жалпы, елімізде осы бағыттағы ауқымды шаралар ұзақ жылдан бері жүзеге асып келеді. Мемлекет басшысының нақты тапсырмалары бар. Бюджеттен қыруар қаржы жұмсалып жатыр. Соңғы бес жылда кәсіпкерлерге 4,5 триллион теңге бөлінген. Сол қаражат қалай жұмсалып жатыр, оның тиімділігі мен қайтарымы, кәсіпкерліктің одан әрі дамуына әсері қандай? Экономикалық өсімді қамтамасыз етуге қаншалықты ықпал етті? Осы сұрақтардың жауабын бүгін бірлесіп қарастырып көрдік. Бұл мәселелер Жоғары аудиторлық палатаның есебінде де қамтылған, — деді Мәжіліс спикері.

Осы орайда Ерлан Қошанов Үкімет пен жергілікті атқарушы органдар назар аударуға тиіс кейбір жайттарға тоқталды.

— Бірінші. Бүгінгі есеп көрсеткендей, қолданыстағы құралдардың көбі алға қойған міндеттерді толық көлемде орындай алмай отыр. Осыған байланысты бүкіл қолдау шараларына кешенді ревизия жүргізу қажет. Бұл мәселеге формальды түрде қарап, тек қолдау шараларының тізілімін жасаумен ғана шектелмеген жөн. Олардың тиімділігіне терең талдау жүргізу керек. Бұл жұмыста көзделген шаралардың санына емес, нақты экономикаға қалай әсер ететініне басымдық берілуге тиіс, — деді ол.

Палата төрағасы екіншіден, кәсіпкерлікті қолдау үшін бірыңғай, орталықтандырылған саясат қажет екенін айтты.

— Ол туралы бүгін көп айтылды. Сын да болды. Қолдау көрсету жүйесі «бір терезе» қағидаты бойынша жұмыс істеп, кәсіпкерлердің бірыңғай цифрлық кабинетіне айналуы қажет. Мемлекет басшысының өзі «мұндай ахуал кәсіпкерлерді шатастыратыны» туралы айтқан болатын. Сонымен қатар, қолдау шаралары салалық және аймақтық ерекшеліктерді де ескеруге тиіс. Ол бәріне бірдей емес, әр салаға, нақты мақсатқа бағытталған шаралар болуы керек. Мысалы, ауыл шаруашылығымен айналысатын кәсіпкердің көлік және логистика саласындағы компанияға қойылатын критерийлерге сай келмейтіні анық. Бұдан бөлек, аталған бірыңғай цифрлық терезе бір кәсіпорынның бірнеше рет қолдау шарасын алуына тосқауыл қояды. Бүгінгі есептен біз бірқатар кәсіпорынның он жыл бойы түрлі қолдау шараларын алғанын көріп отырмыз. Қайталама көмек тек өндірісті кеңейтетін немесе жаңа технологияларды енгізетін компанияларға ғана көрсетілуі керек. Түпкі мақсатымыз бір — мемлекет ресурс ұсынады, бизнес экономикалық өсімді қамтамасыз етеді. Ал цифрландыру осы жүйені ашық әрі тиімді құруға көмектеседі, — деді Ерлан Қошанов.

Мәжіліс төрағасы үшіншіден, институционалдық жауапкершіліктің төмендігіне тоқталды.

— Бүгінде жергілікті атқару органдары деңгейінде шағын және орта бизнесті дамыту міндеті көбінесе «көмескі» күйінде қалып отыр. Әкiмдердiң қызметіне Жалпы өңірлік өнім мен тартылған инвестиция көлемiне қарап баға беріліп отыр. Ал олар негізінен iрi кәсiпорындар есебінен қалыптасады. Бұл ретте, шағын және орта бизнестен түсетін салық түсімдерінің бір бөлігі жергілікті деңгейге берілгенін ескерсек, кәсіпкерліктің дамуын қамтамасыз етудегі әкімдердің жауапкершілігі де артуға тиіс. Осыған байланысты облыстық қана емес, аудан деңгейінде де әкімдіктер үшін кәсіпкерлікті дамыту бойынша жеке KPI бекіткен жөн, — деді ол.

Ерлан Қошанов әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорацияның қызметіне қатысты біраз сын айтылғанына назар аудартты.

— Мемлекет басшысы Жолдауында дәл осы әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар аймақтардың экономикалық өсімін арттыратын қозғаушы күшке айналуға тиіс екенін айтқан болатын. Сонымен қатар, Президент ауылдық аймақтарды дамытуда ӘКК-лардың әлеуетін барынша пайдалануды тапсырды. Осы орайда, депутаттар Үкіметпен бірлесіп, әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациялар қызметінің тиімділігін және бизнесті дамытудағы рөлін арттыруға бағытталған заңнамалық реттеу шараларын қарастырғаны жөн болар еді, — деді Мәжіліс төрағасы.

Палата спикері төртіншіден, Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында қолданыстағы заңнаманы кәсіпкерлер сұранысына бейімдеу міндетін қойғанын айтты. Депутаттар Үкіметпен бірге осы бағыттағы заңнаманы бизнестің қажеттігіне қарай бейімдеуді дер кезінде қамтамасыз етуі тиістігін атап өтті.

— Осы ретте, қазіргі экономикалық өзгерістерді ескере отырып, кейбір заңдарды, мысалы, Бизнес жүргізу мәселесі туралы заңның және Кәсіпкерлік кодекстің жекелеген нормаларын жаңарту қажет болар. Оның ішінде кәсіпкерліктің тиімді дамуына кедергі келтіретін ережелер, тосқауылдар мен әкімшілік жүктемелер болуы мүмкін. Мемлекет басшысы біздің алдымызға нақты міндет қойды. Ол — жеке кәсіпкерлікті қолдауды экономикалық өсімнің драйверіне айналдыру. Осы ретте, мемлекеттік қолдау жұмыс орындарын құрып, кәсіпкерлерге жаңа мүмкіндіктер ашып, отандық өндірісті нығайтуға ықпал етуі керек. Бүгінгі Жоғары аудиторлық палатаның ұсынымдары мен депутаттар айтқан барлық ұсынысты Үкімет назарға алуға тиіс. Біз осы мәселеге әлі де қайтып ораламыз. Бұл сұрақ тұрақты бақылауымызды болады, — деді Ерлан Қошанов.

Айта кетейік, Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар Жоғары аудиторлық палатаның жеке кәсіпкерлерге мемлекеттік қолдау шараларының тиімділігіне қатысты есебін тыңдады. Отырыс барысында Жоғары аудиторлық палатаның төрағасы Әлихан Смайылов бизнесті қолдау тетіктерінің кемшілігін атады.

Соңғы жаңалықтар
Референдум