Әуе айлақтарының маңына құрылыс салу талаптары өзгертіледі

АСТАНА. ҚазАқпарат – Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін қызметтерге рұқсат беру қағидасына өзгеріс енгізбекші, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
None

Бұған дейін Бас прокуратура Мәжіліс депутаттарының сауалына жолдаған жауабында әуежайлардың маңына 350 нысан заңсыз салынғаны туралы айтқан еді.

Енді Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі әуе кемелерінің ұшу қауіпсіздігіне қатер төндіруі мүмкін қызметтерге рұқсат беру қағидасына өзгеріс енгізбекші.

Тиісті Үкімет қаулысының қолданыстағы редакциясында әуе айлағының маңайына қандай нысандар салуға болмайтыны бір сөйлеммен ғана берілген. Осы талапты түрлі мазмұнда тәпсірлеу салдарынан шатасу болмау үшін жаңа редакцияға бірнеше нақтылау енгізілмекші.

«Әуе айлағын бақылау нүктесінен 15 км жақын қашықтықта тағам қалдықтарын тастайтын орындарды, аң фермаларын, қасапханаларды және құстарды тартумен және олардың топталып жиналуымен ерекшеленетін басқа да объектілер құрылысын орналастыруға тыйым салынады», - делінген қолданыстағы редакцияда.

Ал ұсынылып отырған редакцияда бұл тармаққа бірнеше тармақша қосылған.

Нақтырақ айтсақ, әуе айлағының маңайында мынандай санаттағы нысандарды жобалау, салу, орналастыру, кеңейту, қайта жарақтау кезінде рұқсат алу талап етіледі:

1) Ұшу-қону жолағының ең жақын нүктесінен 4 километрге дейінгі қашықтықтағы кез келген биіктіктегі барлық объектілер;

2) әуе айлағының деңгейіне қатысты биіктігі 45 метр және одан жоғары, әуеайлағының бақылау нүктесінен 15 шақырым қашықтықта орналасқан объектілер;

3) меншікті биіктігі 100 м және одан да көп объектілер;

4) қызметі әуе айлағының бақылау нүктесінен 15 км-ге дейінгі қашықтықта көрінудің нашарлауына (бу, түтін шығарындылары және т.б.) әкеп соғатын өнеркәсіп және өзге де ұйымдар, құрылысжайлар;

5) байланыс желілері, электр беру желілері, авиациялық радиотехника құралдары мен жарық-сигналдық жабдықтың қалыпты жұмысына кедергі келтіретін, әуе айлағын бақылау нүктесінен 15 км-ге дейінгі қашықтықта пилоттардың көзін қарықтыратын радиотолқын мен түрлі сәуле тарататын объектілер;

6) орналасқан жеріне қарамастан ағызылатын газдарды авариялық жағуға арналған алау құрылғылары;

7) жарылыс қаупі бар объектілер;

8) әуе айлағын бақылау нүктесінен 13 шақырым радиусте орналасатын аң және мал шаруашылығы фермалары, қасапхана, басқа ауыл шаруашылығы қызметі.


Соңғы жаңалықтар