Әуе рейстерін кешіктірген компанияларға 25 млн теңге айыппұл салынды

АСТАНА. ҚазАқпарат – 2022 жылы 78,4 мың әуе рейсінің ішінен 5 мыңнан астамы тоқтатылған. Бұл туралы Сенатта әуе көлігі мәселесін талқылау кезінде ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму вице-министрі Алмаз Ыдырысов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Әуе рейстерін кешіктірген компанияларға 25 млн теңге айыппұл салынды

Осы орайда ол 2,1 мың рейс операциялық себептер бойынша, 2,9 мыңы коммерциялық жағдайға қатысты тоқтағанын айтты.

Вице-министрдің сөзіне қарағанда, былтыр әуе рейстерінің тұрақтылығы 74 пайызды құраса, 2021 жылы бұл көрсеткіш 82 пайыз болған. 2022 жылы рейстердің кешігуінің негізгі себептері ретінде техникалық жағдай (13%), жолаушыларға қызмет көрсету, багаж және жүкті ұзақ түсіру (16%), климаттық жағдайлар (8%), адами факторы – экипаждың жетіспеуі, шекара әрі кедендік бақылау және басқа да оқиғалар әсер еткен.

«Әуе көлігімен тасымалдаушының кінәсі дәлелденсе, біз әкімшілік жауапкершілікке тартамыз. 2022-2023 жылдары жалпы сомасы 8200 АЕК-ті (25,2 млн теңге) құрайтын 9 әкімшілік айыппұл салынды», - деді министрдің орынбасары.