Әуе таксилерінің қызметі заң жүзінде қалай реттеледі

АЛАТАУ. KAZINFORM – Алатау қаласында алғашқы әуе таксиінің жұмысы таныстырылды.

Данияр Тілеулин
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Аталған жобаны жүзеге асырып жатқан Alatau Advanced Air Group (AAAG) компаниясының жобалық менеджері Данияр Тілеулин әуе таксиінің жұмысы заң жүзінде қалай реттелетінін түсіндірді.

Оның айтуынша, бұл бағытта заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу енді басталып жатыр.

- Жұмыс басталып кетті. Өзгерістердің алғашқы топтамасын Үкіметтің қарауына ұсындық, қазір бұл заң жобасы ҚР Парламентінде. Екінші жағынан, Алатау қаласының ерекше мәртебесі туралы заңда «озық әуе мобильділігі» деген ұғым жазылған. Яғни, Алатау аумағында жолаушылар мен жүк әуе тасымалын дамытудың алғашқы іргетасы қаланды, - деді ол.

Данияр Тілеулин заңнамаға ұсынылған өзгерістер әуе мобильділігін дамып жатқан АҚШ, Қытай, Оңтүстік Корея және Таяу Шығыс елдерінің тәжірибесіне сүйене отырып жасалғанын атап өтті.

Айтуынша, халықаралық тәжірибе негізінде заңнамаға eVTOL (тігінен ұшып-қонатын электрлі әуе аппараты) және «вертипорт» (тікұшақ бекеті) деген жаңа ұғымдарды енгізу ұсынылған.

- Осы ұғымдар көліктің бұл жаңа түріне арналған алдағы стандарттар мен ережелердің негізі болмақ. Ал әуе таксиінің жұмысы мен қауіпсіздігін Көлік министрлігі, Қазақстанның Авиациялық әкімшілігі, сондай-ақ Қорғаныс министрлігіне қарасты әуе қозғалысын басқару органдары бақылайды. Одан бөлек құрылыс, энергетика, Төтенше жағдайлар министрлігі сияқты аралас салаларды үйлестіретін бірқатар мемлекеттік органдар бар, - деді AAAG компаниясының өкілі.

Сонымен қатар ол жаңа әуе тұрақтарын салу үшін Алматы әкімдігімен келіссөздер жүргізіліп жатқанын айтты.

Келесі вертипортты Алматы халықаралық әуежайында салу жоспарланып отыр. Одан кейін Медеу, Ой-Қарағай және Тұңғыш Президент сынды туристік орындар қамтылады. Алдын ала болжам бойынша әуе таксиі 2028 жылдың соңы немесе 2029 жылдың басында іске қосылады.

Еске салайық, Алатау қаласында AutoFlight компаниясының аппараты тестілік режимде ұшырылды.