Еліміздегі алғашқы әуе таксиі тестілік режимде ұшырылды

АЛАТАУ. KAZINFORM – Алатау қаласында еліміздегі алғашқы әуе таксиі тестілік режимде ұшырылды.

аэротакси
Фото: Александр Павский/ Kazinform

«Алматы» - «Өскемен» тасжолының бойында, қазіргі Алатау қаласының аумағында салынған ұшу алаңында eVTOL әуе аппаратының жұмысы таныстырылды. Бұл көлік түрін тігінен ұшып-қонатын электрлі әуе аппараттарын өндірумен айналысатын AutoFlight компаниясы ұсынды.

Қытайлық компанияның бірінші вице-президенті Каллен Шидің айтуынша, бұл әуе көлігінің максималды ұшу салмағы шамамен 2000 келі болады. Бір рет қуатталған соң, ұшу уақыты 1 сағатқа, ал ұшу қашықтығы 250 шақырымға дейін жетеді. Жалпы әуе көлігінің қанат ұзындығы - 15 метр, ұзындығы - 11 метр және биіктігі - 3 метр.

Каллен Ши
Фото: Александр Павский/ Kazinform

- Бұл — толықтай электр қуатымен жұмыс істейтін, тігінен ұшып-қонатын әуе кемесі. Ол 100% электрлі болғандықтан, көміртегі қалдықтарын мүлдем шығармайды, яғни өте экологиялық таза. Қоршаған ортаға ешқандай зияны жоқ, - деді ол.

Сонымен қатар AutoFlight компаниясының өкілі әуе таксиі тігінен ұшып-қонатындықтан, оған арнайы ұшу-қону жолағы не үлкен әуежай қажет емес екенін атап өтті. Айтуынша, 30 метрлік шағын алаң бұл көлік түріне жеткілікті. Соның арқасында қала іші мен сыртында көптеген вертипорттар (тікұшақ бекеттері) ашуға болады.

аэротакси
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Одан бөлек eVTOL аппараттарының түріне қарай әуе арқылы жүк тасымалдауға, төтенше жағдайлар кезінде шұғыл әрекет етуге және өрт сөндіру жұмыстарына қолдануға болады. Әуе көліктеріне ерекшелігіне қарай 1 ұшқыш пен 5 жолаушы, 2 ұшқыш пен 4 жолаушы сияды. Сондай-ақ ұшқышсыз ұшатын түрлері де бар.

- Ал ең бастысы — болашақта қалааралық жолаушылар мен жүк тасымалы үшін таптырмас көлікке айналады. Алматы мен Қазақстан өзінің тауларымен және әуеден көркем табиғатымен танымал. Сондықтан бұл аппаратты жолаушылар мен туристерді тау бөктерінен тау-шаңғысы курорттарының ең биік шыңдарына дейін жеткізу үшін де пайдалануға әбден болады, - деді Каллен Ши.

Ал Alatau Advanced Air Group компаниясының жобалық менеджері Данияр Тілеулин Қазақстан аумағында бұл жоба жеке инвестициялық қаражат есебінен жүзеге асырылып жатқанын айтты.

аэротакси
Фото: Александр Павский/ Kazinform

Еске салайық, 2025 жылдың ақпан айында Алматы мен Алатау қаласының арасында сутегімен жүретін тікұшақ-такси пайда болуы мүмкін екенін хабарланды.

Кейін Алатау қаласында орналасқан «Oiz Tulip» индустриялдық аймағында әуе таксиі жобасын іске асыру мақсатында ұшу аппараттарын ұшыру үшін тестілік орталық ашылғанын жазған едік.

Бүгін Үкімет отырысында Көлік министрі Нұрлан Сауранбаев қалалық аэротаксиді (Urban Air Mobility) дамыту үшін «Аллюр» және «Алатау Эдвансд Групп» компаниялары тестілік пилотсыз ұшу аппараттарын сатып алып жатқанын айтты.

Ал Көлік вице-министрі Талғат Ластаев аэротаксидің техникалық сипаттамалары туралы айтып берді.