Ауғанстан мен Пәкістан шекарасында қақтығыс болып жатыр

АСТАНА. KAZINFORM — Ауғанстан мен Пәкістан шекарасындағы Пактия провинциясында екі елдің шекаралық күштері арасында қақтығыс болып жатыр, деп хабарлайды Анадолы.

Ауғанстан мен Пәкістан шекарасында қақтығыс болып жатыр
Фото: Анадолы

Кабулдың Tolo News кабельдік телекомпаниясы жариялаған ақпаратқа сәйкес, Пәкістанмен шекараға жақын орналасқан Пактия провинциясының бірнеше ауданында екі елдің шекара күштері арасында қақтығыстар болды.

Қауіпсіздік күштері мәліметінше, Ауғанстан екі елдің шекарасы саналатын Дюранд сызығы маңындағы Пәкістан базаларын нысанаға алған. Бұл шабуылдар Пәкістанның әуе операцияларына жауап ретінде жасалған.

— Бұл базалардың кейбірі басып алынды, қақтығыста 12 пәкістандық әскери қаза тапты, — делінген ақпаратта.

Аймақ тұрғындары Данд-е-Патан ауданындағы қақтығыстың салдарынан бейбіт тұрғындар үйлерін тастап кетуге мәжбүр болғанын хабарлады.

Исламабадта шығатын Dawn газетінің хабарлауынша, Пәкістан армиясы шабуылдарға тез және батыл жауап беріп, Ауғанстан содырларының көптеген базалары мен позицияларына қатты зақым келтірген.

Билік Пәкістан армиясының артиллериямен, танктермен, жеңіл және ауыр қарулармен жауап бергенін, сонымен қатар ұшқышсыз ұшатын аппараттарды қолданғанын атап өтті.

Ауғанстан мен Пәкістан арасындағы шиеленіс

9 қазанда Ауғанстан астанасы Кабулда жарылыстардың дауысы естілді.

Пәкістандық әскери ұшақтар Ауғанстанның Пактия провинциясының Марга ауданында әуе шабуылын жасады деген болжам бар. Артынша Ауғанстан үкіметі Марга мен ел астанасы Кабулдағы жарылыстар үшін Пәкістанды айыптады. Алайда Пәкістан әуе шабуылына қатысты мәлімдеме жасаған жоқ.

Соңғы жаңалықтар