Ауғанстандағы жағдайды реттеудің гуманитарлық жағын күшейту керек деп санаймыз - Қ. Саудабаев
Бейсенбі, ақпанның 18-і күні Венада, Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымы Парламенттік Ассамблеясының қысқы сессиясында сөйлеген сөзінде ЕҚЫҰ-ның қазіргі төрағасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік хатшысы - Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев осылай мәлім етті.
«ЕҚЫҰ үшін және барша халықаралық қоғамдастық үшін маңызды міндет - соғыстан әбден титықтаған ауғандықтарға елді қалпына келтіруге, демократиялық қағидалар мен құндылықтарға негізделген бейбіт, жасампаз және дербес қоғам құруға көмектесу болып табылады», - деп атап көрсетті Қ.Саудабаев өз сөзінде.
Ол сондай-ақ Қазақстанның оқу орындарында ауғандықтарды азаматтық мамандықтарға оқытуға Астананың 50 миллион АҚШ долларын бөліп отырғанын хабарлады. Және Ауғанстанның орталықазиялық елдермен арадағы шекарасын нығайту, трансшекаралық ынтымақтастықты дамыту, құқық қорғау шараларын күшейту жобаларын жүзеге асыруға Қазақстанның белсенді атсалыспақ ниетін жеткізді.
Айта кету керек, Парламенттік Ассамблеяның қысқы сессиясының күн тәртібіндегі басты мәселе болып отырған Ауғанстан проблемасы - Ассамблеяның барлық үш комитетінің қорытынды бірлескен сессиясында арнайы жарыссөз форматында талқыланатын болады.