Ауғанстаннан Өзбекстанға дронмен есірткі өткізбек болғандардың әрекеті әшкереленді
ТАШКЕНТ. KAZINFORM – Ауғанстан азаматтары дронның көмегімен Әмудария өзені арқылы Өзбекстан аумағына есірткі тасымалдамақ болған, деп хабарлайды Kazinform агенттігінің Ташкенттегі меншікті тілшісі.
Өзбекстанның Мемлекеттік қауіпсіздік қызметінен мәлім еткендей, шекара және ішкі істер органдарының қызметкерлері бұл әрекеттің жолын кесті. Нәтижесінде дронға бекітілген салмағы 2 келіден астам апиын тәркіленді.
Қазіргі уақытта аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу жүргізіліп жатыр.
Еске салсақ, биыл екі айда Өзбекстанда 8 есірткі зертханасы анықталды.
Былтыр өзбекстандық кеденшілер 2,8 тоннадан астам есірткі мен психотроптық заттарды тәркіледі.
Сондай-ақ, кейінгі бес жылда Өзбекстанда тәркіленген синтетикалық есірткі көлемі 80 есе өскен.
Бұған дейін жазғанымыздай, Орталық Азия елдері арқылы жылына 90 тоннаға жуық героин өтеді.